16 медаль иеленген қазақстандықтар жалпыкомандалық есепте көш бастаған болатын
Бокстан таяуда Дубайда өткен Азия чемпионатында жүлде алған қазақстандықтарға берілген сыйақы көлемі белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Дубайдағы құрлықтық жарыста Қазақстан жалпыкомандалық есепте көш бастаған болатын. Ғалымбек Кенжебаев пен Ерік Алғабектің шәкірттері 16 медаль - 8 алтын, 6 күміс және 2 қола жүлде иеленген.
Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Римма Волосенко, Милана Сафронова, Валентина Хальзова, Фариза Шолтай мен Ләззат Күнгейбаева Азия чемпионы атанған болатын.
«Турнир жеңімпаздарына 10 мың доллардан берілді. Ал финалда жеңіліп, күміс медальді місе тұтқан Даниял Сәбит, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаев пен Владислава Кухта 5 мың доллардан алды. Қола жүлде еншілеген Сәкен Бибосынов пен Марина Вольноваға 2,5 мың доллар көлемінде сыйақы берілді», - делінген Қазақстан бокс федерациясының баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, құрама бапкерлеріне 1 миллион теңгеден, жеке бапкерлерге 500 мың теңгеден табысталған. Федерация хабарына қарағанда, чемпиондар мен бапкерлерге iPhone мен iPad сыйлыққа берілген.