ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 7,5 мың адам коронавирус жұқтырды

Елордада қызметкерлері вакцина алмаған құрылыс нысандарының жұмысы тоқтайды

Қала әкімі тұрғындардың қауіпсіздігі бәрінен жоғары екенін айтты 

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында вакцинацияланған қызметкерлердің қатары аз болса, нысанның жұмысы тоқтатылатынын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Биыл әлеуметтік нысандар, яғни қолжетімді, жеңілдікті тұрғын үй, оқу орындары, аула клубтары және т.б. нысандар құрылысының көлемі ұлғайды. Ірі құрылыс компанияларының басшыларымен кездестік. Жұмыс жоспарын талқылап, уақытын белгіледік.

Эпидемиологиялық жағдайды және нысанда жұмыс істейтін адамның көптігін ескере отырып, міндетті түрде вакцинациялау ұсынылды (медициналық тұрғыда рұқсат етілмегендерден бөлек). Вакцинация нысанда жұмыс істейтін қызметкерлерді және олардың отбасыларын, сондай-ақ айналасындағы жұртты қорғайды. Осылайша коронавирустың таралуы тоқтайды.

Вакцинацияланған қызметкерлердің қатары аз болса, нысанның жұмысын тоқтатуға мәжбүр боламыз. Себебі елордамыз бен тұрғындарымыздың қауіпсіздігі бәрінен жоғары», - деп жазды елорда әкімі.