Неге тұрғындар ауылдан үдере көшіп жатыр - сенатор бірнеше себебін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Ауылдық елді мекендердің 36%-ы орталықтандырылған сумен жабдықталмаған

көрнекі фото

Статистика деректері бойынша, 2020 жылы тұрғындардың ауылдан көшіп кету көрсеткіші 2017 жылмен салыстырғанда 60%-ға өсіп, 80 мыңнан астам адамды құраған. Ал ауылдағы инфрақұрылымдық жұмыстар тиісті деңгейде атқарылып жатқан жоқ. Мұндай деректі Сенат депутаты Әбдәлі Нұралиев Парламенттегі қос палатаның бірлескен отырысында айтты.

«Ауылдық елді мекендердің 36%-ы орталықтандырылған сумен жабдықталмаған. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 45%-дан астамы жөндеуді талап етеді, электрмен желілерінің тозуы 58%-ды құрайды. Статистика деректері бойынша 2020 жылы ауыл халқының көшіп кетуі деңгейі 2017 жылмен салыстырғанда 60%-ға өсіп, 80 мыңнан астам адамды құраған. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрінің келесі сұрақтарға жауап беруін сұраймын: Мемлекет басшысының ұлттық жобаларды әзірлеу және іске асыру мәселелері жөніндегі жаңа тапсырмалары тұрғысында ауылдық аумақтарды дамытудың тәсілдері мен басымдықтары қайта қаралатын бола ма? Басқа мемлекеттік және салалық бағдарламаларда көрсетілген ауылдық аумақтарды мемлекеттік қолдау шаралары бойынша қаржыландыру жеке бапқа бөлінді ме?», - деді сенатор.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев аталған олқылықтарды жою мақсатында биыл Ұлттық жоба жүзеге асырылатынын мәлімдледі.

«Еліміз бойынша 6316 ауыл бар. Оның ішінде даму әлеуеті бар 3561 ауыл іріктелді. Сонымен қатар өңірлік стандарттар жүйесі қабылданды. Аталған ауылдар осы өңірлік стандарттарға сай дамитын болады. Қазір біз өңірлерді дамыту бойынша тиісті ұлттық жобаны әзірлеп жатырмыз. Ол жерде осы бағыттағы Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары ескеріледі. Екінші сұраққа тоқталатын болсақ, осы жылы жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйесі қабылданды. Соған сәйкес мемлекеттік бағдарламаның орнына ұлттық жобалар әзірленіп жатыр. Онда ауылдарды дамыту бойынша жеке бөлім қарастырылған», - деді Әсет Ерғалиев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан