Оның ұзындығы 1,3 шақырымнан асады
ШҚО-да Қазақстандағы ең ұзын көпірдің құрылысы басталды. Облыс әкімі Даниал Ахметов құрылысы басталған автомобиль көпірінің капсуласын салу салтанатты рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Semey News.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы басталды.
Екі жолақты автомобиль көпірі Құйған ауылының жанындағы жасанды су қоймасының ені ең жіңішке учаскесінде салынады. Көпірдің ұзындығы 1,3 шақырымнан асады. Жоба Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайды. Мердігер компания «ОблШығысЖол» ЖШС құрылысты 2024 жылға дейін аяқтауы тиіс.
«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталады. Бұл облыс тұрғындары үшін көптен күткен өте маңызды оқиға. Жоба стратегиялық маңызға ие. Ол шекаралас аудандарды облыстың басқа өңірлерімен байланыстырады, жолаушылар мен жүк тасымалы жеңілдейді әрі жылдам болады», – деді капсула салу рәсімінде Д.Ахметов.
Сондай-ақ, әкім көпір шалғайдағы елді мекендер халқының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететінін және облыс экономикасын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, айналма және технологиялық жолдар төселді, электр желілері тартылып, су өткізу құбырлары орнатылды. Осы жұмыстармен қатар көпір салушыларға арналған жатақхана тұрғызылуда, материалдар, арнайы жабдықтар мен қажетті дүниелер жеткізіліп жатыр.