Вакцина өндіретін жаңа отандық зауыт күзде іске қосылады – Алексей Цой

Автор: Azattyq Rýhy

Денсаулық сақтау министрі КВИ вакцинасына қатысты жаңалығын бөлісті

Фото: ашық дереккөзден

Бүгінде еліміздің барлық өңірлеріне корнавирусқа қарсы вакцинаның 6,2 млн дозасы жеткізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді.

Вакцинаның бірінші дозасын 2 млн 587 мың, ал екіншісін 1 млн 480 мың адам алды. Белгілі болғандай, қазір қоймаларда вакцинаның бірінші компонентінің 1 млн 200 дозасы бар, екінші компоненттің қалдығы да дәл осындай.

«Қазір вакцина бойынша ешқандай қиындықтар жоқ. Қоймалардағы вакциналардың дозасы жеткілікті. QazVac бойынша 50 мың дозалық екінші партияны қабылдадық. Осы айда қосымша тапсырысымыз да келеді. Барлығы жоспар бойынша іске асып жатыр. Қазақстандық вакцина елімізде де, шетелде де сұранысқа ие. Қазір QazVac-ты өзге елдерге шығару жөнінде кезең-кезеңмен арнайы жұмыстар атқарылуда. Бұл бірнеше уақытқа созылатын процесс, алдымен мемлекеттердің келісімі, сол жақтағы тіркеу жұмыстарын жүргізу қажет. Біз қазір дәл осы вакцинаға қызығушылық танытқан серіктестерді іздеп жатырмыз», - деді Цой.

Бұдан бөлек, ведомство басшысы ДДҰ ұсынатын медикаменттер тізіміне QazVac-ты енгізу үшін қазіргі уақытта тиісті құжаттар реттестірілуде екенін айтты. Сондай-ақ, ол отандық вакцина рейтингі жоғары журналдың мұқабасына да шығып қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.

БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беру барысында Алексей Цой вакцина паспортына қатысты жаңалықтарымен де бөлісті.

«Қазақстан вакцина бойынша электронды паспортты енгізген әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі. ЕО бұл жүйені енді ғана жүзеге асырмақ. Қазір елімізде CoronaVac вакцинасын салдыруға да мүмкіндік бар. Бұл вакцина ДДҰ-да тіркелген. Ал «Sputnik V» ДДС-ның аккредитациясының 4-фазасынан өтіп жатыр. Алдағы уақытта ұйым оны да тізімге қосады деген ойдамыз. Вакцина паспортын мойындауға үш ел келісімін берді. Олар Моңғолия, Венгрия және Тайланд елдері. Бұдан бөлек, Түркия, Кипр елдері барлық мемлекеттердің вакцина паспортын қабылдайтынын айта кету керек. СІМ өз кезегінде осыған байланысты тиісті жұмыстарды атқарып жатыр», - деп нақтылады Цой. 

Сонымен қатар, министр Жамбыл облысында салынып жатқан жаңа зауыттың қашан іске қосылатынын айтты.

«Кезең-кезеңімен атқарылып жатқан жұмыстардың арасында Жамбыл облысында салынып жатқан зауыттың құрылысы да аяқталуға жақын екенін көріп отырмыз. Тамыз, қыркүйек айларында іске қосылады деген ойдамыз. Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде регламенттік жұмыстар атқарылып жатыр», - деді Алексей Цой.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан