Сайрам-Өгем: әлі табылмаған екі студентті іздестіру жұмысы қалай жүріп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

8 маусымда Өгем өзенінің бойынан жоғалған студенттердің заттары табылды

10 адамнан тұратын «Республикалық жедел-құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің жеке құрамы (кинологиялық есепті қоса алғанда) Түркістан облысының тауларында жоғалған туристерді іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастыруда.

10 маусым күні Өгем арнасының бойындағы Жетіүңгір шатқалы мен Өгем және Айғыржыққан өзендерінің қосылған жері зерттелді, алайда іздеу жұмыстары нәтиже бермеді.

11 маусымда РЖҚЖ құтқарушылары тікұшақпен туристердің заттары табылған жерге жеткізілді.

«Құтқарушылар екі топқа бөлініп, Айғыржыққан шатқалында іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Іздеу-құтқару жұмыстары өзеннің күшті ағысына және таулы рельефке байланысты күрделене түсуде. Сонымен қатар, жоғалған студенттерді іздеу аймағын кеңейту мақсатында, 11 маусым күні Республикалық жедел-құтқару жасағынан қосымша күш ретінде, жеке құрамнан 8 адам жіберілді, оның 2 кинологиялық есеп», - деп хабарлады РЖҚЖ баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамыр сағат 18:30-да келіп түсті. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді.

Түркістан облысында жоғалған жеті адамның алтауы - Назарбаев университетінің 4 курс студенттері. Тағы бірі - Кентау лицейінің түлегі.

Екі жігіт - Ақтөбе, үшеуі - Атырау, қалғаны Орал және Жезқазған қалаларынан. Құтқарушылар тауға кеткен жеті азаматты үш күннен бері іздестіріп жатыр. 21 мамыр таңғы сағат 8-де олар саябақтың бақылау-өткізу пунктінде тіркеуден өткен.

28 мамырда Түркістан облысында жоғалған жеті студенттің үшеуі табылды. 29 мамырда жоғалған студенттердің екеуінің денесі табылды. Қалған екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

8 маусымда Өгем өзенінің бойынан жоғалған студенттердің заттары табылды