Маңғыстауда табылған өлі қабыланға қатысты арнайы топ құрылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оның себебін анықтау үшін оқиға орнына мамандар жіберілді

Маңғыстауда алдыңғыазиялық барыс өлді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өлі барысты жергілікті тұрғындар 9 маусым күні сағат 22:00-де «Манашы» мемлекеттік табиғи қорығының аумағындағы Күйкентау жерінен тапқан. Бұл туралы «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің басшылығы мәлімдеді.

«Оқиға орнына мән-жайды анықтау үшін «Қызылсай» МТП инспекторлары, Маңғыстау, Бейнеу ӨКМ қызметкерлері және мал дәрігерлерінен құрылған арнайы топ шықты.

Бұл жер Ақтаудан шамамен 300-350 шақырым қашықтықта орналасқан. Қосымша ақпарат мән-жай толық анықталған соң беріледі», - деп жазды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева Facebook-тегі парақшасында.

Алдыңғыазиялық барыс – әлемдегі барыстардың ең үлкен түрінің бірі. Бүгінгі таңда жалпы саны 870-1,3 мыңды құрайды. Қазақстанда ол тек Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында ғана кездеседі.

Алдыңғыазиялық барыстардың басым бөлігі Иранда (шамамен 550-850), Ауғанстанда (200-300), Түркіменстанда  (90-100) мекендейді. Сондай-ақ Әзірбайжан, Грузия, Армения, Таулы Қарабақта да бар.

Айта кетейік, Маңғыстау барысы (алдыңғыазиялық) 2018 жылдан бастап «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығының аумағында бірнеше рет фототұзаққа түскен. Ал 2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілді.