Павлодар облысында инсультке шалдыққандар саны артып келеді

Мамандар аурудың негізгі себептері дұрыс тамақтанбауы және зиянды әдеттерге әуестік екенін айтады

Фото: ашық дереккөзден

Дәрігерлер инсультке шалдыққандар санының көбейгенін және бұл аурудың «жасарып» бара жатқанын айтады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.   

Мамандар аурудың негізгі себептері адамдардың уақтылы тексерілмеуі, дұрыс тамақтанбауы және зиянды әдеттерге әуестік екенін ескертеді.   

Облыстық денсаулық  сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, облыстық кардиологиялық орталығы жанындағы инсульт орталығы ашылғаннан бері 200-ге жуық науқас қабылданды. Орталықта миокард инфаркті мен инсультке шалдыққан науқастарға жедел көмек көрсетіледі. Триаж жүйесі бойынша пациенттер екі бағытқа, яғни ауыр және шұғыл болып бөлінеді. 

«Қызыл жолақтағы» жедел жәрдем бригадалары геморрагиялық инсультпен түскен ауыр науқастарды қарқынды терапия бөліміне жеткізеді. Орташа ауырлық дәрежесіндегі науқастар «сары жолақ» бойынша қабылданады. Әдетте, бұл ишемиялық инсультке шалдыққан адамдар – олар инсульт бөліміне орналастырылады. Мұнда емді өңір аудандары мен облыс орталығынан жеткізілген адамдар алады, - дейді  басқармада.⠀

Инсульт орталығындағы қарқынды терапия палатасы өкпені жасанды желдету аппараттарымен, дефибрилляторлармен және электрокардиографтармен жабдықталған. Орталықта инсульттан кейінгі науқастарды қалпына келтіруге арналған ерте оңалту бөлімінің қызметі ұйымдастырылған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.