«Байқоңыр» кешенінен 27 жыл ішінде бюджетке 3,1 млрд АҚШ доллары түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Бағдат Мусин өңірдің бүгінгі тұрмыстық ахуалы туралы айтты

Фото: ашық дереккөзден

Республикалық бюджетке жыл сайын «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн АҚШ доллар сомасында қаражат түседі. 27 жыл ішінде республикалық бюджетке шамамен 3,1 млрд АҚШ доллар көлемінде пайда келді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Сенаттың кезекті отырысында айтты.    

Халық қалаулары алдында баяндама жасаған министр өңірдің бүгінгі тұрмыстық ахуалын сөз етті.      

«Көп пәтерлі тұрғын үйлерді газдандыру аяқталды, бұл тұрғындар үшін газ тарифін 16 есеге төмендетуге мүмкіндік берді. Халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін қазақстандық көпбейінді қалалық аурухана мен емхана ашылды. 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 50 пәтерлі бес тұрғын үй салынды және бүгінгі күні барлық пәтерлер қала тұрғындары мен Қазақстан азаматтары арасында бөлінген», - деді министр.       

Алайда, белгілі болғандай, бюджетке түскен қаражат Байқоңыр өңірін дамытуға бағытталмайды екен.        

«Жалға беруден түскен қаражат салық емес, ол бірыңғай бюджетке түседі. Оның бір бөлігін арнайы түрде Байқоңыр қаласы мен оған іргелес жатқан елдімекендердің дамуына жіберу мүмкін емес.Өйткені ол бюджеттік принциптерге қарама-қайшы келеді. Бірақ аталған өңірдің инфрақұрылымдық дамуына нысаналы трансферт арқылы бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлу жоспарланған. Жалпы Қызылорда облысына республикалық бюджеттен 22,7 млрд теңге қаражат жұмсау жоспарланып отыр», - деді Қаржы министрінің орынбасары Ербол Қарашөкеев.

Бұдан бөлек, бүгінде Байқоңыр қаласының 11 606 пәтерінде қазақстандық азаматтар баспананы жалға алып тұрып жатыр. Сенат депутататтары аталған тұрғын үйлерді жекешелендіру мәселесін де талқыға салды.

«Оны жекешелендіру үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізудің қажеті жоқ. Бұл мәселе облыстық әкімдіктің құзыретіне қарасты. Яғни жергілікті билік сол пәтерлерді Ресей тарапының жалға алуынан шығаруы керек. Байқоңыр кешенінің мәселесі бойынша Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комисссиясы бар. Сол комиссия осы мәселені күн тәртібіне енгізіп, Ресей тарапынан бірінші келісім алу керек. Содан соң ол пәтерлерді Қызылорда облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне ауыстыру қажет. Бұл жұмыс қазіргі уақытта жүргізіліп жатыр», - деді Ербол Қарашөкеев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан