Нұр-Сұлтанда жыл соңына дейін 10 елдімекен газға қосылады деп жоспарланып отыр
Қазіргі уақытта 7 елдімекенде газ тарату желілері толық құрылып біткен

Қазіргі уақытта елорданың 7 елдімекенінде газ тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Еліміздің бас қаласын газдандыру жұмысы қалай жүргізіліп жатқаны туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында айтып берді.
Әкім сөз басында Нұр-Сұлтан қаласының дамуы, жүзеге асырылып жатқан жобалардың қай-қайсысы да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті бақылауында, ал шаһарды газбен қамту сондай жобалардың бірі екенін айрықша атап өтті.
«Жоспар бойынша қала ішінде газдандырылуы керек жер үйлері басым 16 елдімекен бар. Биыл, бұйыртса жыл соңына дейін сол 16 елдімекеннің 10-ы толық газға қосылады деп отырмыз. Дәл қазіргі сәтте 7 елдімекенде газ тарату желілері толық құрылып біткен. 2288 абонент, яғни 43 000 қала тұрғыны көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алып отыр», - дейді әкім.
Сөз арасында қала басшысы Оңтүстік-Шығыс, Железнодорожный, Көктал-1, Агроқалашық (былтыр газға қосылмаған бөлігі) елдімекендерінде газ тарату желілерінің құрылысы аяқталып қалғанын, алғашқы үйлер көгілдір отынға қосылып үлгергенін мәлім етті.
Сонымен қатар, алдағы жылыту маусымында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернационалды елді мекендерін газға қосуды жоспарлап отыр.
«Алдымен, елорданың елдімекендерінде 350 шақырым газ тарату желілері салынды. Жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету басты назарда. Газдандыру басталған сәттен – тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үйлерін қосу бойынша көмек көрсету мәселесі қарастырылды. Бір жолғы әлеуметтік көмек зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі ересектерге, ерекше бала асырап отырған отбасыларға, әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға беріледі. Былтыр газ тарифі төмендетілді. Газдың бір текше метрінің бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге дейін төмендеді (бұрын бір текше метр үшін 60 теңге бағасын белгілеу болжанған болатын). Әкімдік жеке сектордың тұрғындары үшін газ есептегіштерді тегін орнату жағын қарастырып отыр», - деп түсіндірді әкім.
Алтай Көлгінов сондай-ақ қаланың жылумен жабдықтау жүйесін газдандыру туралы айтты. Сонымен, қаланың едәуір бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отырған ЖЭО-1 және ЖЭО-2 жалпы алғанда 13 қазандықтан тұрады. Былтыр соның төрт қазандығы газға ауыстырылды. Осы жылдың соңына дейін қалған 9 қазандық газға көшіріледі.
Жалпы, шаһарды газдандыру 3 кезеңнен тұрады. Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Тағы 1 мыңнан астам отбасы үйіне газ қосуға техникалық шарттар алды. Жыл соңына дейін жалпы алғанда 11 558 абонент, немесе тағы да 143 000 қала тұрғыны газ қосуға толық мүмкіндік алады.
«Сонымен қатар қазіргі таңда қаланың екі аумағында жергілікті, автономды жылыту орталықтарын толық газға отырғызу жоспарымыз бар. Ол 2023 жылы аяқталады. Өздеріңіз білесіздер, елорданы газбен қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи жобасы. Оңтүстік өңірден тартылған мың шақырым құбыр – үлкен еңбектің нәтижесі», - деді Алтай Көлгінов.