Серік Сәпиев Азия чемпионатынан алтын медальсіз қайтқан боксшылар жайлы пікір білдірді
Боксшы қыздар Азия біріншілігінде 8 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Дубайда бокстан өткен Азия чемпионатының нәтижесіне қатысты пікір білдірді.
«Бокстан өткен Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды. Әйелдер құрамасы 8 алтын медаль жеңіп алды. Өкінішке қарай, ерлер құрамасының нәтижесі соншалықты табысты болған жоқ. Бірақ лайықты шеберлік пен сапа көрсетті деуге болады», - деді комитет басшысы ОКҚ-да өткен брифингте.
Дубайда бокстан Азия чемпионатының финалына шыққан қазақстандық бес боксшының (ерлер) төртеуі өзбек боксшыларынан жеңілді.
49 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Даниал Сәбит өзбек боксшысы Нодиржон Мирзахмедовтен жеңілді.
69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповтің де жолын өзбек боксшысы кесті. Бобо-Усмон Батуровпен жұдырықтасқан жерлесіміз қабағынан жарақат алып, жекпе-жек бірінші раундта тоқтатылды.
75 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Әбілхан Аманқұл өзбек Саиджамшит Жафаровтан ұтылып қалды. Екінші раундта қазақ боксшысы қарсыласын нокдаунға жіберген. Үшінші раундта да Әбілхан өзбек боксшысынан басым көрінген еді. Алайда, төрешілер жеңісті Жафаровқа ұстатты.
Ал, Азия чемпионатының басты фавориті саналған Василий Левит (91 кг) Үндістан боксшысы Санжитке жеңілді.
Аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Қамшыбек Қоңқабаев та Өзбекстан боксшысы Баходир Жалоловты жеңе алмады.
Ал, Ерік Алғабек жаттықтыратын қазақстандық боксшы қыздар Азия біріншілігінде 8 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Команда сапынан Алуа Балқыбекова (48 келі), Назым Қызайбай (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Милана Сафронова (64 келі), Валентина Хальзова (69 келі), Фариза Шолтай (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) чемпион атанды.