Ақтөбе облысында шартты түрде босаған 25 адам түзету мекемелеріне қайтарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Есепте тұрған азаматтар қоғамдық тәртіпті жүйелі түрде бұзып отырған

Фото: aif.ru

Ақтөбе облысында полицейлер шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 25 адамды бас бостандығынан айыру орындарына қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбе облысының учаскелік полиция инспекторлары жыл басынан бері "Есеп" және "Есеп элементі", "Тұрмыс", "Құқықтық тәртіп", "Учаске" сияқты жедел-алдын алу іс-шараларын, сондай-ақ рейдтік іс-шараларды өткізген.

Қабылданған шаралардың арқасында биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша облыс аумағында жасаған қылмыстардың 21,6%-ға төмендегені байқалған.

«Бостандыққа шыққаннан кейін түзелу жолына түспеген және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзуды жалғастырған шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 25 адам бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды», - дейді ЖПҚБ бастығының орынбасары Амантурлы Такешев.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД пробация қызметімен бірлескен жұмыс нәтижесінде қоғамдық тәртіпті жүйелі түрде бұзған есепте тұрған 75 адамның шартты жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған, ал сотталған 4 адамның сынақ мерзімі ұзартылған.

«Полиция департаменті ҚАЖД және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру, оларды жаңа мамандықтарға қайта оқыту мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылдауда. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарына жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін тұратын мекен - жайы бар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың тізімі жіберіледі», - деді Амантурлы Такешев.