Алматыда «Жастар-Отанға!» бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы қабылданды

Автор: Azattyq Rýhy

Құжатта бес негізгі бағыт бар 

Алматыда «Жастар-Отанға!» бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Nur Otan партиясы қалалық филиалының төрағасы, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн форматта партияның Алматы қалалық филиалы Саяси кеңесі Бюросының отырысын өткізді.

Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Жастар-Отанға!» бағдарламасында халықаралық ұйымдардың тәжірибесі мен жастардың дамуына қатысты әлемдік үрдістер ескерілген. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялай отырып, волонтерлікті жан-жақты дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды: «Бүкіл әлемде жастар – еріктілік пен қайырымның қуатты ресурсы, ал волонтерлік – жастардың еңбек нарығына жылдам бейімделуі мен олардың өз қабілеттерін әрі қарай іске асыруына ықпал ететін тиімді тетік».

Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында 2025 жылға дейінгі Жол картасы әзірленді. Құжатта бес негізгі бағыт бар. Атап айтқанда азаматтық белсенділік, сапалы білім беру, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана, жеке даму және бос уақыттарын тиімді өткізу. Жол картасы жастар саясатын дамыту бойынша қойылған міндеттерге қол жеткізуге бағытталған 40 көрсеткішті және 70-тен астам іс-шараны қамтиды.

Бұл шешімге қолдау білдірген Алматы мәслихатының жас депутаттар корпусының басшысы Әсия Ақанова «Жастар-Отанға!» Жол картасында көрсетілген мәліметтерге сәйкес, жас алматылықтардың 38,5%-ы елдің саяси өміріне қатысуға дайын екенін атап өтті.

Жастарды қолдау жөніндегі қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, депутат Арман Жүдебаев «Алматы жастары 3.0» қалалық бағдарламасының жүзеге асырылу нәтижелеріне тоқталды. 2020 жылы бюджеттік сала қызметкерлері – мұғалімдер, дәрігерлер, ЖОО оқытушылары, мәдениет, спорт саласының өкілдері, 35 жасқа дейінгі журналистер мен ғалымдар тұрғын үй сатып алды. Барлығы 1 мыңға жуық жас алматылық пәтер алды. Ағымдағы жылы осы бағдарлама бойынша қарыз  сомасы 13 млн теңгеден 18 млн теңгеге дейін ұлғайтылып, үміткерлердің қосымша санаты – құқық қорғау органдарының жас қызметкерлері қосылды. Биыл тұрғын үйді 1 мың жас маман сатып ала алады.

Жол картасының жоспарлы көрсеткіштері мен іс-шараларын талқылай отырып, қалалық филиал Бюросының мүшелері ұсынылған нұсқасында құжатты бекіту туралы шешім қабылдады, оның үстіне Жол картасының барлық бағыттары Мемлекет басшысының Алматы қаласының «Жастарды дамыту индексі» көрсеткіштері бөлігіндегі міндеттерімен және елдің басқа да бағдарламалық құжаттарымен, сондай-ақ партиялық бастамалармен үйлескен.

Еске сала кетейік, кеше 3 маусымда «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жыл сайынғы «Жастар – Отанға!» республикалық сыйлығының тағайындалғанын жария етті.