Қазақстанның 11 өңірінде дауылды ескерту жарияланды: ШҚО-да қар жауады деп күтілуде

Автор: Azattyq Rýhy

Оңтүстік өңірлерде күн қатты ысиды

Reuters

4 маусымда Қазақстанның 11 өңірінде дауылды ескерту жарияланды деп хабарлайды «Қазгидромет». Бірқатар облыста екпінді жел тұрады және бұршақ жауады деп күтілсе, кей аймақта күн күрт суытады.

Ақмола облысында күн күркіреп, дауылды жел тұрады. Солтүстіктен соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрден 25 метрге дейін жетеді деп күтілуде. Бұршақ жауады. Ал, ауа температурасы кей жерлерде 12-17 градусқа дейін төмендейді. 5 маусымға қараған түні күн күрт суытып, термометр бағаны 2 градусты көрсетеді.

Ақтөбе облысында солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Күн күркіреп, жауын жаууы ықтимал.

Атырау облысында күндіз күн күркіреп, батыстан жылдамдығы 15-20 м/сек жел тұрады.

Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде күн күркіреп, найзағай ойнайды. Дауылды жел тұрып, бұршақ жауады. Оңтүстік пен оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жетеді. Ал, Бесқарағай, Үржар аудандары мен Семейде жоғары өрт қаупі сақталады.

5 маусымда Шығыс Қазақстан облысында нөсерлі жаңбыр жауады. Түнде жаңбыр соңы қарға ұласады деп күтілуде. Сондай-ақ, күн күркіреп, найзағай ойнайды. Кей жерлерде тұман түсіп, бұршақ жауады. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 23-28 метрге дейін жетеді. 5-6 маусым күндері ауа температурасы 2 градусқа дейін төмендейді.

4 маусымда Қарағанды облысының солтүстік-шығысында нөсерлі жауын жауады. 4-5 маусымда күн күркіреп, дауылды жел тұрады. 6 маусымға қараған түні ауа температурасы 2 градусқа дейін төмендейді.

Қостанай облысында да 4 маусымда жылдамдығы 25 м/сек жел тұрып, күн күркірейді және бұршақ жауады. 5 маусымға қараған түні кей аудандарда ауа температурасы 2 градусқа дейін төмендейді.

Қызылорда облысында құмды дауыл тұрады. Оңтүстік-шығыстан соққан желді солтүстік-батыстан соққан дауылды жел алмастырып, оның жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жетеді. 4 маусымда ауа температурасы 44 градусқа дейін ысып, жоғары өрт қаупі сақталады.

4-5 маусым күндері Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жел секундына 23-28 метр жылдамдықпен соғып, ауа температурасы күндіз 12-17 градусқа дейін, түнде 2 градусқа дейін салқындайды.

Түркістан облысында 4 маусымда құмды дауыл тұрып, жел жылдамдығы секундына 23 метрге дейін жетеді. Күн күркіреп, найзағай ойнайды. Өрт қаупі бар.

Шымкентте де бұл күні күн күркіреп, 15-20 м/сек жылдамдықпен оңтүстік-батыстан жел соғады.