«Масамен күресу - есірткімен күрескенмен тең». Атырауда тендерді 8 жылдан бері тек бір компания жеңіп келген

Автор: Azattyq Rýhy

Атыраулық депутаттар ЖШС өкілдерін сұрақтың астына алды

көрнекі фото: atpress.kz

Атырауда қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Онда, атап айтқанда, масаларға қарсы күрес және қоқыс жинау мәселелері қаралды. Депутаттар белсене әрекет етіп, күтпеген ескертулер айтты, деп хабарлайды azh.kz.

Қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жұмабек Жұмағалиевтің айтуынша, 2021 жылы дезинсекция жұмыстарына қалалық бюджеттен 126 миллион теңге қарастырылған. Сегізінші жыл қатарынан тендерді «AG Disinfectionservices» ЖШС жеңіп алды. Қалалық ТКШ мен ЖШС арасындағы келісім сәуір айында жасалды. Сол кезден бастап подъездерді, жертөлелер мен цоколді қабаттарды, ашық су қоймаларын, сондай-ақ қаланың негізгі көшелерін және жағалауды өңдеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

«Масалар ерте көктем басталғанда пайда болады, ал қамыс өртенгеннен кейін күрт көбейіп кетеді. Қаланың кей жерлерінде кешке далаға шығу мүмкін емес. Қолданып жатқан шаралар жеткіліксіз деп санаймын, - деді депутат Ғабиден Қанатов.

Ал оның әріптесі Вадим Құлмағамбетов бұл ескертуді «Атыраудың масасымен күресу есірткімен күрескенмен тең!» деп толықтырды. Алайда, депутат нені меңзегенін ашып айтпады.

«Неге жыл сайын бір компания тендер жеңімпазы бола береді? Бізде басқа қатысушылар жоқ па?», деп сұрады депутат Муса Хайруллиев.

«Әрине, басқа қатысушылар да болды, бірақ дәл осы компания ең оңтайлы өтінім беріп, тендерді ұтып алды. Иә, бірінші рет емес, бірақ бұл ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына қайшы келмейді, - деп жауап берді Жұмабек Жұмағалиев.

«Осы компанияның техникасын біреу тексере ме?», деп сұрады депутат Әміржан Нұрланұлы.

Бөлім басшысының міндетін атқарушы  олардың техникасын сектор меңгерушісі және тағы екі маман тексеретінін айтты.

Содан кейін «AG isinfection Services» ЖШС директорының орынбасары Нұрлыбек Ахмедияров баяндама оқу үшін мінбеге шықты, бірақ депутаттар оны тыңдамай, келесі жолы компания басшысының өзі келуін талап етті.

«Қала тұрғындарының жұмыстарыңызға қатысты сұрақтары мен шағымы көп. Нұрлыбек, егер масамен күресудің пайдасы жоқ болса, солай айтыңыз. Баяндаманы келесі сессияға қалдыруды ұсынамын, бірінші басшының өзі есеп берсін», - деді депутат Ғабиден Қанатов.

Қалған депутаттар оны қолдады.

Сосын «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас Изтелеуов сөз алып, сұрақтың астында қалды.

«Қаланы тазартумен негізінен өзбекстандықтар айналысады. Жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту үшін қандай шаралар алынуда?», - деп сұрады депутат Жеңіс Әбілқарес.

Алмас Изтелеуов ЖШС-да орташа жалақы 100 мың теңгеден асатынын, жергілікті тұрғындар ондай жалақыға келмейтінін айтты.

«Иә, біздің ұжымда Өзбекстан азаматы көп, кейбіреулерінің жұмыс жасағанына он немесе одан да көп жыл болған, осында отбасымен тұрады. Біз жұмыспен қамту орталығына сұраныс жасаймыз, жергілікті тұрғындар арасынан жұмысшыларды іздестіреміз, бірақ нәтиже болмай жатыр», - деді ол.

Келесі сұрақ депутат Азамат Асылбековтің тарапынан болды.

«Сіздің қоймада 2 мың тоннадан астам дезинфекциялау материалдары жатыр. Олар қалай сақталады? Жарамдылық мерзімі бар ма? Тағы бір сұрақ: қала шетінде қоқыс контейнерлері жеткіліксіз. Мысалы, қоқыс контейнері бір әженің үйінен 450 метр қашықтықта орналасқан. Осыған қатысты нормалар бар ма?» - деп сұрады депутат.

ЖШС директорының айтуынша, дезинфекциялау материалдарының жарамдылық мерзімі бар.

«Ережеге сәйкес, қоқыс контейнері үйден 100 метрден аспайтын қашықтықта орнатылуы керек. Бірақ контейнерлер жеткіліксіз, сондықтан біз оларды орнату жұмыстарын, соның ішінде шет жақтарға орнату жұмыстарын жалғастырамыз», - деді ЖШС басшысы.

Тегтер: