ТОП-100 мегаполистің қатарына кіру үшін Алматыға 30 жыл керек
Бұл туралы Алматы қаласы мәслихатының кезекті сессиясында айтылды

Депуттаттар бүгін Алматының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы жобасын бекітті.
«2050 жылға қарай Алматы өмір сүру сапасы бойынша жаһандық ТОП-100 мегаполиске кіріп, кемелденген «ақылды» қала, өңірдің ірі сауда-логистикалық және коммуникациялық хабы, креативті орталық, туристер үшін тартымды қала, халықаралық инвестициялар мен таланттар қаласы ретінде қалыптасуы қажет»,- делінген Мәслихаттың баспасөз хабрламасында.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше, 30 жылға жасалаған жобаның уақыты ұзақ емес.
«Тұрғындар әлеуметтік желі арқылы және кездескенде «жоба тым ұзақ емес пе?», - деп сұрайды. Жоқ, ұзақ емес. Оған былай деп қысқаша жауап беруге болады: Стратегиядағы міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мерзімде шешуді қажет ететін бірқатар құжаттар қабылданды. Бұлар – 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматының» Кешенді жоспары, «Үлкен Алматы» - Алматы агломерациясын дамытудың өңіраралық жоспары, «Алматы Бизнес-2025» бірыңғай өңірлік бағдарламасы», - деді қала жетекшісі.
Ал барлық сегіз ауданның әкімдері дамудың үш жылдық шеберлік жоспарын дайындап, өткізулері тиіс.
Алматы қаласы Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Нұртас Қаиров сөзінше 2020 жылға арналған қала бюджетінің жалпы сомасы 738 миллиард теңге. Бұл былтыр бөлінген ақшадан 37% көп. 2019 жылы мемлекеттік мекемелердің бюджеті 525 миллиард теңгені құраған. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету салаларына бюджет шығыстарының шамамен 40% бағытталады.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы