Депутат жайылым жер тапшылығы барлық облыста барын айтты
Сенатор Сұлтан Дүйсембинов бүгінгі депутаттық сауалында дамыған елдердің барлығы ауыл шаруашылығында кооперация тетігін табысты пайдаланып отырғанын айтып, жайылым жерлерге қатысты мәселе көтерді.
Кооперация тетігін тиімді пайдалану - ауылдық жерлерде еңбек өнімділігін арттыруға, қала халқын сапалы жəне арзан тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуге, тұрақты жұмыс орындарын ашуға зор септігін тигізеді.
«Бүгінде ауылдық елді мекендерде мал шаруашылығы өнімінің 66%-ы өндіріледі. Бірақ мұндай орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, заманауи технологиялық процестерге тартылмай отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіру бойынша жүргізілген жұмыстар дұрыс үйлестірілмегендіктен нәтижелі болмай отыр», - деді сенатор.
Сенатор жер мәселесін ұлттық деңгейдегі маңызды жоба ретінде жүйелі түрде қарастырмаса, жайылым мәселесі шешімін таппайтынын атап өтті.
«Дегенмен жайылым жер тапшылығы барлық облыста бар. Мәселен Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында ауыл тұрғындары жайылым жердің жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Елді мекендерде малдың 80%-ға жуығы ауыл шегінде және оның айналасында жайылатындықтан, бұрын бөлінген шамамен 21 млн гектарға жуық жайылымдық жер деградацияға ұшыраған», - деді Сұлтан Дүйсембинов.
Сенатор жайылымның тапшылығын шешу үшін жайылымдарды ұзақ мерзімді басқару жөніндегі жоспарларды бекіту қажет екенін және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізу керек екенін айтты.