«Құласаң, қайта тұр!». Мектеп бітіруші түлектерге Білім министрінен үш кеңес

Автор: Azattyq Rýhy

Асхат Аймағамбетов өз тәжірибесінен мысал келтірді

Асхат Аймағамбетов, фото: ашық дереккөзден

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз тәжірибесіне сүйеніп, мектеп бітіруші түлектерге үш кеңес берді.

Біріншіден - ешқашан қиындықтарға мойымау. Көздеген мақсатыңа жету жолында әлдебіреудің айтқанына ермей, тура жолдан таймау керек.

«Басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін. Диплом алғаннан кейін екі апта өткен соң мәслихат депутатығына сайлау өтетіндігі туралы хабарландыруды көзім шалып қалды. Достарыммен ақылдасып, сайлауға қатысуға бел будым. Қолында өтініші бар 21 жастағы жігітті көрген сайлау комиссиясындағы мамандар маған күле қарады. Қарсыластарымның да маған деген көзқарасы сондай болды.

Сайлаушылармен алғашқы кездесулерім де есімде. Жас баланың депутаттыққа үміткер екенін көргенде сайлаушыларымның жартысынан көбі теріс айналған болатын.

Штабымнан басқа ешкім менің жеңіске жететініме сенбей, бәрі бұл мүмкін емес деумен болды.

Кәсіпкерлер, жетекшілер және танымал қайраткерлерден тұратын 11 қарсыласым болса да, еңбек және жеңіске деген сенім арқылы кешегі студент, қарапайым жігіт осы сайлауда жеңіске жетті. Ал 4 жылдан кейін қайта сайландым.

Шын мәнінде бұл сайлаудан ұтқаным көп болды. Сайлаушылардың сеніміне ие болып, өз күшіме деген сенімім де нығая түсті.

Сондықтан адам баласы өз күші мен арманына сенуі керек. Құласаң да қайта тұрып, алға ұмтылуға тырысу керек.

Естеріңізде болсын, тағдыр мақсаты айқын және алған бетінен қайтпайтын адамдарды жақсы көреді», - деп жазды министр.

Екіншіден. Қателесуден қорықпау керек. Қателік жасалса, өмір сонымен аяқталмайды. Барлық адам қателеседі.

«Ең бастысы - өз қателігімізді уақытылы түсініп, түзетуге тырысуымыз әлдеқайда маңызды. Барынша күш-жігерімізді салып, алған беттен қайтпағанымыз абзал. Міне, бұл болашақта табысқа қол жеткізетін адамға тән қасиет.

Мектепті бітіргеннен кейін мен бірден грантқа түсе алмадым. Жалпы жақсы балл жинағаныма қарамастан, бейіндік пән бойынша аз балл алғандықтан, грант жеңіп ала алмадым. Сол кезде бұл жағдайды өмірімдегі үлкен қателік деп санадым, өмірім аяқталған сияқты болды.

Бірақ кейін бұл жағдайға деген көзқарасым өзгеріп, оны өмірімдегі кезекті сынақ деп қабылдадым. Тағы бір жыл дайындалып, ҰБТ-ны қайта тапсырдым. Жақсы балл жинап, грантты жеңіп алдым. Бұл оқиға маған көп нәрсені үйреткен өмірлік сабақ болғанын жете түсіндім.

Өз күшіңізге деген сенім мен қателіктерге мойымай, аяққа қайта тұру - адам баласы үшін өте маңызды деп білемін», - деді министр.

Үшіншіден - басқалардан ерекше болудан ұялмау.

«Ең бастысы өзіңізге адал болыңыз. Басқа адамдармен араласып, дос болыңыздар. Ата-аналарыңа қамқор болып, бауырларыңызбен байланысты ешқашан жоғалтпаңыздар. Кейін, мүмкін 30 жасқа келгенде, ата-ананың берген ақыл-кеңестері орынды екенін түсіне бастайсыздар.

Бойыңызда жаңа әдет қалыптастырыңдар! Денсаулықты нығайтыңдар! Бүкіл әлем қарсы болса да, қайсарлық танытып, алған бағыттан қайтпаған жөн.

Қазір «қай университетті таңдасам екен» деп ойланып жүрген боларсыздар.  Әрине, бұл өте маңызды мәселе.

Енді әрбір жоғары оқу орны түлектеріне мемлекеттік емес, өзіндік үлгідегі диплом береді. Келесі жылдан бастап дипломның ғана болуы жеткіліксіз, сонымен бірге нақты білім мен дағдылардың болуын дәлелдеу қажет болмақ. Тіпті оны сертификатпен растау керек болады. Сондықтан мықты оқу орнын таңдап, болашаққа зор сеніммен қадам басуға шақырамын», - деді Білім министрі.