Бас прокуратура Біртановқа қатысты тағы бір тергеу жүріп жатқанын растады

Автор: Azattyq Rýhy

Экс-министрді үйқамақта ұстау мерзімі 14 маусымға дейін ұзартылды

Елжан Біртанов, фото: ашық дереккөзден

Бас прокуратура Денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртановқа қатысты санитарлық авиация бортында тасымалдауды бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізіліп жатқанын растады.

«Қаржы мониторингі агенттігі санитарлық авиация тасымалын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді жалғастырып жатқанын хабарлаймыз», - делінген Бас прокуратураның Informburo.kz агенттігіне берген жауабында.

Ведомстводағылар тергеу мүддесіне сәйкес, басқа ақпарат жария етуге жатпайтынын жеткізді.

6 мамырда сот шешімімен экс-министр Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі 2021 жылдың 14 маусымына дейін ұзартылды. Судьяның мәлімдеуінше, күдікті Біртановқа қатысты үйқамақ мерзімін сегіз айға дейін ұзарту туралы өтініш ішінара қанағаттандырылған. Ал, экс-министр сотта сөз алып, өзіне әлі айып тағылмағанын, тергеу әлі жүріп жатқанын жеткізді.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 3 қарашасында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынды.