Елімізде бірінші тоқсанда 237 жалған ақша белгісі анықталды
Қазақстанда номиналы 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттар жиі қолдан жасалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2021 жылдың қаңтар-наурызы аралығында Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер 237 жалған ақша белгісін (236 банкнот және 1 монета) анықтады. Олардың жалпы сомасы 760 950 теңгені құрайды. Былтыр дәл осы кезеңде қолдан жасалған 226 банкнот табылған болатын.
Осы жылдың бірінші тоқсанында жиі қолдан жасалған ақша – номиналы 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттар болды, тиісінше 65% және 23%. Басқа банкноттар мен монеталардың үлесі – 12%.
«Жалған банкноттардың дені Алматыда дайындалса, ең азы Қызылорда мен Жамбыл облыстарында анықталды
Банкноттың түп нұсқасын жалған ақшадан ажырату үшін оның бірнеше белгісін білу жеткілікті», - деді Ұлттық банктің банкноттар мен монеталар сараптамасы басқармасының бастығы Асхат Әбішев.
Елдегі жалған банкноттардың негізгі бөлігі жеңіл технологиямен жасалады, олар түпнұсқадағы негізгі белгілерді тек имитациялаумен ғана шектеледі. Яғни, арнайы жабдықсыз-ақ жалған банкноттарды қолмен ұстап, мұқият қарап та анықтауға болады
Түпнұсқа банкноттың бірнеше айрықша белгісі бар. Біріншіден, ол өзіне тән ерекше шытырлайды, екіншіден – арнайы рельефі бар. Сонымен қатар барлық банкнотта көру қабілеті нашар адамдар үшін саусақ ұшымен ажыратуға болатын белгілер бар. 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттарда түс өзгертетін бояумен жағылған бейнелер бар. Көлбеу бұрышын өзгерткен кезде өрнек түсі жасылдан алтынға өзгереді. Сонымен бірге жарыққа тосып қараған кезде жазуы бар тұтас жіп ретінде анық көрінетін, жазуы бар пунктир түріндегі тұтас магнитті және үзік-үзік жіпке назар аударған жөн.
Банкноттардың осы бір ерекшеліктері арнайы жабдықты пайдаланбай-ақ түпнұсқаны лезде көзбен қарап, тексеріп шығуға мүмкіндік береді.