Олардың бірі 11 жыл 6 айға, бірі 6 жылға бас бостандығынан айырылды
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты былтыр шілдедегі облыс орталығында соңы атысқа ұласқан төбелеске қатысқандарға үкім шығарды.
Сот анықтағандай, 2020 жылы 12 шілдеде күндіз «АХАЖ» маңындағы көпір маңындағы жағалауда қала тұрғыны А.К. амандаспағаны үшін азамат В.У.-мен төбелескен. Ол кезде оларды өтіп бара жатқан тұрғындар айырып алған. Бірақ жанжалдасқан екеу кешке сол жерде «есеп айырысу үшін» қайта кездесуге келіскен.
Кешке А.К. үш досын ертіп келді. Өзі травматикалық «Оса» тапаншасымен қаруланған, А.Б. мен Б.Қ. газды тапаншамен келген болса, Е.Қ. шолақ атыс мылтығын әкелген. В.У.-да жалғыз келмеген. Жиналғандар көп сөйлескен жоқ, содан соң атыс басталып кетті. Алдымен ауаға атқан, кейін адамдарға тиген. Е.Қ. қарсыластарының арасынан бір адамды ауыр жарақаттайды, ал А.К. екінші адамға ауыр зақым келтіреді. Осыдан кейін А.К. бастаған топ жан-жаққа қаша жөнеледі де, жолшыбай шолақ мылтықты Жайыққа лақтырып кеткен.
«Басты сот талқылауында сотталушылардың кінәсі жәбірленуші, куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындысымен басқа да дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденді. Сотта Е.Қ. кінәсін мойындамай өзін ақтауды сұрады, ал қалған сотталушылар өз кінәсін толық мойындап, жасаған қылмыстарына өкінді», - деп мәлімдеді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында.
Е.Қ. ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-бөлігімен («Атыс қаруын, газды қаруды, қысқа ұңғылы тегiс ұңғылы атыс қаруын заңсыз сақтау, алып жүру»), 24-бабының 3- бөлігі, 99 бабының 2-бөлігі 9-тармағымен («Бұзақылық ниетпен адам өлтiру») кінәлі деп танылып, 11 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды; А.Қ. 106-бабының 2-бөлігі 7-тармағымен («Бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру»), 293-бабының 3-бөлігі 2-тармағы («Бұзақылық ниетпен, денсаулыққа зиян келтіретін газды-травматикалық тапаншасын қолдану») бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылды; А.Б. 293-бабының 3-бөлігі, 2 тармағы бойынша 3 жылға бас бостандығы шектелді; Б.К. 287-бабының 2-бөлігі және 432 бап («Қылмысты жасырып қалу») бойынша осындай жаза алды.