«7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламаларын қаржыландыру тоқтатылады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді

 

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Баспана Хит» және «7-20-25» жеңілдікпен кредиттеу бағдарламаларын қаржыландыру аяқталатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматыда өтіп жатқан «Cfo Idea exchange & networking» саммитіне қатысқан агенттік басшысы өз баяндамасында қаржы нарығын дамытудың негізгі міндеттері мен оны дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол дағдарыстың экономикаға әсерінің азайғанын ескере отырып, мемлекеттің нарықтық қағидаттарға орын беріп, кредиттеу бағдарламаларынан біртіндеп шығуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

«Осыған байланысты ағымдағы жылдың басында қол қойылған Үкімет, Ұлттық банк және Агенттік арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім шеңберінде Ұлттық банктің 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан шығуы көзделген.

Жеңілдікпен кредиттеу, ҚЗЭ, «Баспана хит» бағдарламаларын қаржыландыру 2021 жылы, ал «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыру 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда», - деді Әбілқасымова.

Агенттік төрағасы биыл банк секторында негізінен кредиттерді берудің жаңартылған процестерін іс жүзіне енгізуге, кепілдердің құнын дұрыс бағалауға және қарыз алушылардың төлем қабілетін талдауға көңіл бөлінетінін жеке атап өтті. Келесі жылы банктердің бизнес-жоспарлауы, бюджеттеу процестері, даму және баға белгілеу стратегиялары қайта қаралады.