Саясаттанушы Жанболат Мамайды сөздің емес, істің адамы болуға шақырды
Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Facebook желісіндегі парақшасында халықтың эмоциясында ойнаудан әріге аспайтын, жөнсіз кеудемсоқ патриотизм мен жалаң ұлтжандылықтың дәурені өтті деп есептейтінін жазды.
Еске сала кетейік, қоғам белсендісі Жанболат Мамай «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті айыптап, видеоролик жариялаған болатын. Көп ұзамай партия Төрағасының бірінші орынбасары бұл сынға жауап беріп, Мамайдың өзін жала жапқаны үшін сотқа беретінін мәлімдеген.
Бауыржан Серікбаев Мамай мен Байбектің соты бос сөзге үйір кейбір жандарға жақсы азық болғанын айтып, өзінің түйген тұжырымын ортаға салды.
«Сот жүріп жатыр. Әрине, мұнда құрғақ сөз бен эмоцияға орын жоқ. Бәрі де дәлелді, тиянақты, айғақты болуға тиіс. Негізі жөні де сол ғой. Сонымен, екі тараптың да өз сөзін дәлелдейтін нақты фактілерді ұсынуы талап етілді. Байбек Мамайдың өзіне таққан айыптауларын теріске шығаратын нақты құжаттарды ұсынды. Енді сот «Мамайға да айтқан сөздеріңді дәйектейтін нақты фактілер мен дәлелдеріңді ортаға сал» деген талап қойды. Міне, қызық осы жерде басталды. Мамай мұны күтпесе керек. Қолында іліп алар нақты дерек, таққан айыптауларын негіздейтін анық фактілер жоқ. «Дебатқа түсем» деп бір, мәселені саясиландырмақ болып екі тырысып, ары-бері тартып көріп еді, мұнысынан түк шықпады. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, ендігі бар тапқаны «Сот неге қазақ тілінде емес, орыс тілінде жүреді?» деп шыға келді», - деп жазды саясаттанушы.
Саясаттанушы Бауыржан Байбектің қазақшасы бір кісідей екенін айтып, Жанболат Мамайдың әрекетін «мәселені нақты іске емес, сөзге бұруға талпыну» деп бағалады.
«Біріншіден, аты шулы «айыптау мәлімдемесін» әуел баста орыс тілінде жасаған Мамайдың өзі еді. Кейіннен оны қазақшаға аударып айтқандай болды. Логикалық тұрғыда айыптау орысша жасалғаннан кейін орыс тілінде жауап берілді. Соған сәйкес соттың шешімімен талап арыз да орысша ұсынылды. Ал сот процесінің тараптардың таңдаған тілінде жүретіні екі бастан белгілі. Мамайдың әуелі бүкіл айып таққан өз видеосын орыс тілінде жасап, енді келіп «Ана тілімде сөйлеуге құқығым жоқ па?» дегенін естіп, популизмнің, саяси тактикалық қателіктің, тәжірибенің жоқ екендігін бірден аңғаруға болады. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» деген осындайда айтылады негізі», - деді Бауыржан Серікбаев.
Сарапшы Жанболат Мамайдың қазақ тілінің аясын кеңейтетін қандай жобалар жасағанына да тоқталып өткен.
«Осы Мамайдың өзі қазақ тіліне қатысты әдемі сөйлегеннен басқа нақты не бітіріпті деп іздеп көрдім. Тілдің қолданыс аясын кеңейтетін қандай жобаны атқарған? Ауыз толтырып айтар ешнәрсесін көрмедім. Тіл – арзан ұпай жинайтын, көрінген жерге тықпалайтын қолжаулық емес. Тіл деп ұзын әңгіме айтатын, бірақ балалары қазақша сөйлемейтіндер де бар. Тілден саяси ұпай жинайтын дәурен өтті ғой. Нақты іс керек. Басқасы бос сөз. Көп естідік тіл туралы әңгімені. Бітпейтін әңгіме...», - деді ол.
Сондай-ақ саясаттанушы Бауыржан Байбектің ана тіліміз бен ұлт мәдениетін дамытуға бір кісідей қызмет етіп, іспен дәлелдегенін айтып, нақты фактілер келтірді:
Сарапшы қай кезде де адамды сөзіне емес, ісіне қарап бағалау керектігін айтты.
«Біздің қоғам сөзден кетіп, нақты іске қарап саясаткерді бағалайтын жаңа деңгейге шығуы қажет. Бұл заман, уақыт талабы.
Бәлкім, Байбек ақын Мұхтар Ниязовтай төгілдіріп, өлеңдетіп сөйлей алмайтын шығар. Бірақ ешкім де Байбекті жұмысқа қажетті деңгейде қазақ тілін жетік біліп, жатық сөйлей алмайды деп сын таға алмайды. Бір қазақтай қазақ тілін меңгерген. Бұл ретте Мамайдың жоқ жерден ілік іздеп, тілге жабысуы мүлдем қисынсыз. Оның қазақ тілін алға тартып, жанашыр бола қалуы арзан ұпай жинау. Өз айыптауын дәлелдейтін нақты факт жоқ. Енді қалғаны қоғамдық ойды сол халықтың эмоциясында ойнайтын бітпейтін әңгімеге бұру. Басқа түк те емес. Сол баяғы ескі, қарабайыр тәсіл. Мұны сауатты азаматтар, қоғам көріп отыр, - деді.
Бауыржан Серікбаев қазір қоғам, заман өзгергеніне тоқталып, Қазақстанда нақты іске негізделген қоғамдық қатынас қалыптасып келе жатқанын айтты.
«Мамай тілге қатысты өзгеге мін тағудан бұрын өзіне сенім білдіріп, соңына еріп, митингіге шығып жүрген жандардың жағдайын ойласа дұрыс болар еді. Сондықтан нәзік те қастерлі тіл секілді мәселені арзан ұпай жинауға пайдалану ешқандай да ұшпаққа шығармайтынын түсінген жөн. Қазір мұның заманы емес. Мәселе сайрағанда емес, сенің елге қажетті, қоғамды дамытатын нақты қандай істі, тың жобаларды атқарғаныңда. Сондықтан да жоғарыдағы аталған жәйттер елімізде прецедент қалыптастырып, бұдан былай кейінгілерге сабақ болады деп ойлаймын.
Қоғам, заман өзгерді. Қазір сөздің емес, істің заманы. Талап солай. Соған үйрену керек. Бізде жаңа Қазақстандық құндылық, сауатты, прагматикалық, нақты іске негізделген қоғамдық қатынас қалыптасып келеді», - деп жазды.