Прокурор «Astana LRT» ісі бойынша айыпталушыларға 7 жылдан 11 жылға дейін жаза сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

Айыпталушылар қатарында - жеті адам

Фото: sputniknews.kz

Мемлекеттік айыптаушы «Astana LRT» ісі бойынша кінәлі тұлғаларды 7 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза сұрады. Айыпталушылар қатарында - жеті адам. Олар елордадағы жеңілрельсті көлік жобасына деп бөлінген қаржының 5,8 млрд теңгені жымқырды деген күдікке ілінген.

Айыптаушы жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжоловқа 11 жыл, қалалық мәлихаттың бұрынғы депутаты әрі хатшысы Жанат Нұрпейісовке 9 жыл жаза сұрады. Нұрпейісов «Құрмет» орденінен де айырылады. Ал, мемлекеттік айыптаушылар Astana Innovations акционерлік қоғамының бұрынғы төрағасы Талғат Әшімге 7 жыл беру керек дейді.

Нұр-Сұлтанда LRT салу кезіндегі ақша жымқыру іс бойынша сот 2020 жылдың қазанында басталған. Бұған дейін жеті адамға айып тағылғаны хабарланған болатын. Олардың арасында елорданың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, Нұр-Сұлтан мәслихатының бұрынғы депутаты және хатшысы Жанат Нұрпейісов, «Astana Innovations» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшім, сондай-ақ түрлі кәсіпорындар қызметкері Ұлықбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов және Дәурен Әбдіхамитов болған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпараты бойынша, қылмыстық схеманы әкімнің орынбасары Сұлтанбеков пен «Астана LRT» басшысы Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялар көмегімен ұйымдастырған. Екеуіне де халықаралық іздеу жарияланған.

Ардан 2014 жылдан 2017 жылға дейін «Астана LRT» төрағасы болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша, ол ұрлық дерегі анықталғанға дейін елден кетіп қалған.