QazVac вакцинасын клиникалық зерттеудің үшінші кезеңі шілде айында аяқталады
QazVac вакцинасы бүгінге дейін 22 071 қазақстандыққа салынған

Қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы отандық QazVac вакцинасын әзірлеп шығарды. Екпе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 2020 жылдың 15 мамырында кандидат вакцина ретінде тіркелген болатын.
Биыл 22 cәуірде өңірлерге отандық вакцинаның алғашқы партиясы жөнелтілді. QazVac екпесін алғашқылардың бірі болып Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алды. Тиісті ведомство өкілдері вакцина тиімділігі 96%-ды құрайтыны жайлы мәлімдеме жасады. Аталған вакцинаны Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдары жасап шығарды.
QazVac вакцинасының І, ІІ клиникалық тексеру сынақтары толығымен аяқталды. ІІІ тексеру кезеңі әзірге жартылай өтті. 2021 жылдың шілде айында оның қорытындысы мәлім болады, деп хабарлады Azattyq Rýhy тілшісі вакцинаны шығарушы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына сілтеме жасап.
Отандық ғалымдар ІІІ клиникалық тексеру сынағы ресми жарияланбай тұрып вакцинаның тиімділігі жайлы нақты пікір білдіруден бас тартты.
Бүгінге дейін QazVac вакцинасы туралы мына фактілер анықталды:
- Клиникаға дейінгі, І, ІІ клиникалық тексеру сынақтары нәтижесінде вакцинаның зардапсыздығы мен иммуногенділігі дәлелденді. Қыркүйек айында басталған сынақтарға 3 000-ға жуық адам қатысты.
- Ғалымдар QazVac вакцинасын әзірлеуге 2020 жылдың сәуір айынан бастап кірісті. Оның технологиясын әзірлеуге институттың 200-ге жуық тәжірибелі ғалымдары мен қызметкерлері атсалысты.
- QazVac вакцинасы шыны құтыға 0,5 мл-ден (1 егу дозасы) құйылды.
- Басқа вакциналармен салыстырғанда, отандық вакцина толық ақуызы сақталған инактивтелінген биопрепараттар қатарына жатады.
- Қазақстандықтарға QazVac вакцинасын салу биыл 26 сәуірден басталды. Сол уақыттан бері отандық вакцинаны қабылдағандар арасында теріс әсер байқалмады.
Отандық вакцинаны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин алғашқылардың бірі болып салдырды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да отандық вакцинаны таңдады.
Нарық үшін вакцинаның бір дозасы 4,7 долларды құрайды. Дегенмен, экспортқа жіберу бүгінгі таңда жоспарда жоқ.
Вакцина шығарумен айналысып жатқан елдер: Америка, Англия, Қытай, Ресей, Үндістан, Германия. Осы 6 елдің қатарына Қазақстан өз вакцинасын әзірлеуші ел ретінде қосылды.
«Отандық вакцина құрамындағы вирустың уыттылық белсенділігі инактивантпен жойылып, антигендік қасиеті сақталынған және оның құрамына ағзаға енгізілгенде қосымша иммуногендік күш-әлует берілетін адъювант қосылды. Осы технология салыстырмалы түрде аз уақытта қауіпсіз, әрі зардапсыз вакцинаны алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, отандық вакцинаның артықшылығы оның қауіпсіздігі мен иммуногендігі жағынан жоғары болуында. Тағы бір ерекшелігі – вакцинаны сақтау мен тасымалдау кезінде температуралық режимнің 2ºС-тан 8 ºС-қа дейін болуында және жарық түспейтін жерде жүзеге асырылуы тиіс», - деп түсіндірді институттағылар.
Сонымен қатар, осы кезге дейін QazVac вакцинасының 50 мың дозаны құрайтын алғашқы партиясы Қазақстан бойынша медициналық дәрі-дәрмектерді үйлестіруші «СК-Фармация» қомпаниясына өткізілді.
«QazVac отандық вакцинасының өндірісі бастапқыда 50 мың дозадан басталып, ары қарай вакцина құрамындаға шикізат ретінде қолданылатын биологиялық масса көлемінің көбеюіне байланысты шығыралатын өнімнің мөлшері де біртіндеп көбейіп отырады. Әрине, QazVac вакцинасын технологиясын жасап шығаруды отандық ғылымның жетістігі ретінде айтуға болады, әр мемлекет өз елінің өнімін, соның ішінде ғылыми әзірлемесін жетістік деп қарастыруы заңды деп санаймыз», - деді институттағылар.
Айта кетерлігі, 63 жылдық тарихы бар институт – иммунология, молекулалық биология, микология және фитопатология саласындағы жетекші ғылыми орталық.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан