Алматыда жер сілкінісін ерте хабарлайтын құрылғы орнатылып жатыр – Сағынтаев

Автор: Azattyq Rýhy

Жүйе Darmen мобильді қосымшасының көмегі арқылы алдын ала ескерту жасайтын болады

 

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфир кезінде күшті жер сілкінісі туралы халықты алдын ала ескерту және білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын нығайту шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы жер сілкінісі, сел, көшкін, қар көшкіні, су басу, өрт сияқты техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға бейім. Жеке құрамның 1,5 мыңнан астам адамы, 270 техника бірлігі ТЖ-дың зардаптарын жоюға үнемі дайын. Қаланың құтқарушылары жылына орта есеппен 3 мыңнан астам жерлерге барады.

2000-2021 жылдар аралығында 202 білім беру объектісіне, оның ішінде 145 мектепке, 51 балабақшаға, 6 мектеп-интернатқа күрделі жөндеу жүргізілді және олар сейсмикалық күшейтілді. 2021 жылы 8 мектепті, 6 балабақшаны, 1 колледжді, 3 денсаулық сақтау нысанын, 2 азаматтық қорғаныс нысанын сейсмикалық күшейту жоспарланып отыр.

«Төтенше жағдай кезінде халықты оқыту және қауіпсіз тәртіп мәдениетін, өзін дұрыс ұстау дағдыларын қалыптастыру мақсатында елімізде баламасы жоқ инновациялық жоба саналатын симуляциялы оқу-әдістемелік орталық салынып жатыр», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сейсмология институты 2018 жылдан бері «Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы сейсмикалық қауіпті аймақтарды кешенді зерттеу және күшті жер сілкінісі туралы алдын ала ескерту жүйесінің негіздерін жасау» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізуде.

«Осы бағдарламаны іске асыру аясында Институт жапондық шешім базасында тестілеу режимінде ерте хабардар ету жүйесінің 9 сейсмикалық станциясын орнатты. 2023 жылға дейін сейсмикалық датчиктермен, автономды қуат көздерімен жабдықталған тағы 28 станция орнату, сондай ақ сейсмология Институты мен ТЖД-де диспетчерлік пункттер ашу жоспарланып отыр», - деді шаһар басшысы.

Жүйе автоматты режимде, оның ішінде, Darmen мобильді қосымшасының көмегі арқылы жойқын сейсмикалық толқынның қалаға жақындағаны туралы сигнал береді және тұрғындарға ерте ескерту жасалады. Жер сілкінісі туралы сигнал 40 секундқа дейінгі аралықта түседі.