Соғыстан кейінгі жылдары СҚО-ның ішкі істер органдарында ҰОС 700-ден астам қатысушысы қызмет атқарған
Петропавлдық соғыс ардагері Никита Семенов 101 жасқа толды. Туған күн иесін СҚО Полиция департаментінің ұжымы құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев пен СҚО ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов туған күн иесіне жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ардагер қонақтарды ауласына шығып қарсы алды.
Никита Семенов 1920 жылғы 10 мамырда Рязанск облысында дүниеге келген. 1940 жылы Свердловск қаласына отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған. Снайперлер мектебін аяқтаған соң майданға жіберіліпті. ІІХК-ның 260-шы полкінің құрамында жүріп, Мәскеуді қорғауға қатысқан. Соғыста болған төрт айда тәжірибелі атқышқа айналып, жаудың бірталай мергенін жер жастандырыпты. Жеңісті Эстонияда қарсы алған. «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» және басқа да жауынгерлік медальдармен наградталған. 1947 жылы демобилизациядан кейін Қазақстанға келіп, өмірлік жары Юлияны жолықтырған. Екеуі алпыс жылға жақын өмір сүрген. Бейбіт уақытта Целиноград облысының Астрахан аудандық милиция бөлімінде қызметін бастап, милицияға ширек ғасырдай уақытын арнаған. Кейін паспорт үстелінің бастығы болады. Милиция капитаны шенінде зейнетке шыққан.
Никита Герасимович үшін 9 мамыр – ерекше маңызға ие дата. Жеңіс күні – ең сүйікті мерекесі, өйткені келесі күні өзінің төл мерекесі – туған күні. Өзінің айтуынша, бұл күнді асыға күтеді екен. Погондағы әртістер майдангер мен оның көршілеріне арнап «Мы эхо», «Надежда – мой компас земной», «Песня о тревожной молодости», «Нам нужна одна победа», «Смуглянка» және «День Победы» әндерін орындады. Аулаға жиналған ондаған көрермен, әсіресе балалар смартфондарын жарыса қолдарына алып, концертті түсіріп алуға асықты. Ардагер мен оның қызы Раиса Никитична көңіл бөліп, осындай ізгілік пен құрметке толы күнді ұйымдастырғаны үшін полицейлерге шын жүректен алғыстарын айтты. Осындай жасқа келсе де, ақсақал 5 мамыр күні департамент музейіне келіп, жас қызметкерлер үшін өткен «Ерлік сабағына» қатысты.
Соғыстан кейінгі жылдары СҚО-ның ішкі істер органдарында Ұлы Отан соғысының 700-ден астам қатысушысы қызмет атқарған. Жеңістің 76 жылдығын олардың екеуі – Никита Семенов пен Григорий Красильников қана қарсы алды. 8 мамыр күні 99 жастағы Григорий Иванович та өзінің ауласында генерал-майор Марат Төлебаев пен ведомстводағы Мәдени орталықтың құттықтауын қабылдады.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО