Қазақстанда «Жаужүрек полк» акциясы өтіп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстаннан майданға аттанған 1,2 млн жауынгердің 600 мыңнан астамы соғыстан қайтып оралмады

Фото: 24kz

Жыл сайын 9 мамырда майдангерлердің ұрпағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қаһармандарды еске алады. Пандемияға байланысты екінші рет онлайн режимде өтіп жатқан «Жаужүрек полк» акциясы биыл да жалғасын тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаһармандарды еске алудың онлайн шеруін 9 мамыр күні сағат 10.00-де басталды. Оны әлеуметтік желілердегі Qaharman1945.kz парақшасынан көруге болады.

«Жаужүрек полк – Бессмертный полк» акциясының мақсаты – 1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан азаматтардың ерлігін естен шығармау және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, бейбіт күннің қадірін түсінуге тәрбиелеу.

Акцияға қатысу үшін qaharman1945.kz сайтына кіріп, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан атаңыздың немесе туысыңыздың суреті мен сипаттамасын қалдыруыңызға болады.

Аталмыш бірегей жобаны арнайы Жеңіс күніне орай Болат Бұқарбай, Яков Федоров, Махаббат Есен және Әділет Әшірбек есімді блогерлер ашқан болатын. 

Айта кетсек, Қазақстаннан майданға аттанған 1,2 млн жауынгердің 600 мыңнан астамы соғыстан қайтып оралмады. Бүгінгі таңда Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғысының 665 ардагері және 113 555 соғыс мүгедегі бар.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 500-ге жуық қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 110 қазақстандық үш санаттағы Даңқ орденімен марапатталды. 4 жауынгер екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Еске салсақ, фашистік Германия мен КСРО соғысындағы Ұлы Жеңіске 76 жыл толып отыр.