Бұған азаматтардың татулығы мен учаскелік полицейдің қылмыстың алдын алу шаралары негіз болған
Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Жиделіарық ауылында бір жарым жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауылда 518 отбасы, яғни бір мыңнан аса адам тұрады. Мұндағы отбасылардың бәрі дерлік мал ұстайды. Өйткені, ауылдық жерлерде мал мен егін – отбасының экономикалық әл-ауқатының негізі.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылда 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұған азаматтардың тату-тәтті қарым-қатынаста болуы және учаскелік полиция инспекторының қолға алған профилактикалық шаралары негіз болды. Атап өту керек, аталмыш ауылда екі дүкен бар, алайда, ешқайсысында алкоголь сатылмайды.
Тоқтарбай Дулатов – осы аймақтың тумасы. Учаскелік инспектор болғандықтан, ол бірінші кезекте ауыл тұрғындарымен және ақсақалдармен, кент әкімшілігімен, жергілікті мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен өзара байланыс орнатқан.
Учаскелік инспектор ауыл әкімшілігімен бірге мал жаюды ұйымдастырды. Енді жануарлар үнемі бақылауда. Сонымен қатар, Тоқтар көмекшілерімен бірге атпен немесе көлікпен кентті және оның айналасын үнемі патрульдейді.
«Тоқтар осы ауылға келгелі қылмыс азайып, ауылымызда қазір мал ұрлығы жоқ деп айтуға болады. Учаскелік инспектор мектеп қызметкерлерімен тығыз байланыста. Оқушылармен, ата-аналармен рейдтер ұйымдастырып тұрады», – деді ауыл әкімі Ерлан Әбілдашев.
Жиделіарықта «Сақшы-Сарбаз» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Күн сайын екі ауыл тұрғыны учаскелік инспекторға тәртіпті қадағалауға көмектеседі.
Жалпы, Қызылорда облысы бойынша мал ұрлығы фактілері 20%-ға азайған. Бұған құқық қорғау органдарының арнайы әзірлеген алдын алу шаралары және осы қылмыс үшін жазаны күшейту ықпал етті. Енді мал ұрлығы үшін барлық мүліктен айырылып, істің мән-жайына байланысты 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Сақшы-сарбаздармен бірігіп, түнде де, күндіз де қылмыстың алдын алу профилактикалық жұмыстарын жүргіземіз. Осы жұмыстардың нәтижесін елеп, Қызылорда облысының Полиция департаментінің бастығы NIVA жаңа автокөлігін берді», – деп атап өтті учаскелік инспектор Тоқтарбай Дулатов.