ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Атырауда әлем чемпионының өліміне кінәлі бұрынғы екі полицей сотталды

Олардың бірі 15 жылға, бірі 3 жылға бас бостандығынан айырылды

Фото: ash.kz

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты грэпплингтен әлем чемпионы Есенбек Сиғуатовты өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы екі полиция қызметкеріне қатысты үкім шығарды.

Еске сала кетейік, 2020 жылы 9 тамызға қараған түні Дамбы мен Құрманғазы ауылдарынан келген бірнеше жігіттің арасындағы төбелес кезінде атақты атыраулық спортшы, грепплингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатов қаза тапты.

2020 жылдың қарашасында грепплингтен әлем чемпионын өлтірді деген күдікпен 2 полицей тергеуге алынды.

«Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, 23 жастағы Б.М. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 6 және 9-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. 26 жастағы Б.Д. 432-бап бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.

«Сотталушы Б.М. бұзақылық пиғылмен жалпыға бірдей қабылданған мінез-құлық нормаларын елемей, басқаларға айқын құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, мардымсыз сылтаумен Сигуатовқа 12-калибрлі аңшы мылтығынан бірнеше рет оқ атты», - деді үкімді оқыған судья Тыныштық Нұрымова.

Бұдан басқа, айыпталушылар жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өтеуі керек.

Марқұмның туыстары үкіммен келіспейді.

«Сот отырысында Б.Д. полиция қызметкері ретінде өтті, бірақ үкімде Атырау қаласының тұрғыны деп көрсетілген. Мұны қалай түсінуге болады? Ол 432-бап бойынша ең жоғарғы мерзім - 6 жыл алуы керек еді, бірақ оған тек 3 жыл берді. Екінші сотталушыға да ең көп - 20 жыл мерзім берілуі керек еді, оған осы бапқа сәйкес ең аз 15 жыл мерзім берілді. Оның айтуынша, ол көшеден аңшы мылтығын тауып алған, содан кейін оны үйінде бір жылға жуық сақтаған. Неліктен «атыс қаруын заңсыз сақтау» бабын қолданбады? Біз ұлымызды өлтіргендер тым жеңіл жаза алды деп есептейміз, сондықтан сот үкіміне шағымданамыз», - деді марқұмның әкесі Тоқсанбай Оразғали.

Ал, сотталушы Б.М.-ның әпкесі інісін «жаламен кетіп бара жатыр» деп, үкіммен келіспейтінін мәлімдеді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және жоғары сатыдағы сотқа шағымдануға болады.