Мәжіліс депутаттары құны 7,5 млрд теңгені құрайтын мектептің құрылысымен танысты
Елорда бойынша мектептерде 26 мың оқушыға орын тапшы
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуын қадағалау мақсатында құрылған Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелері Мәжіліс депутаттарымен бірге елордадағы бірнеше мектепті аралап, олардың жай-күйімен танысты.
Қалалық Білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбайдың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде Елорда бойынша мектептерде 26 мың оқушыға орын тапшы.
«Алдағы бес жылдың ішінде бұл сан 80 мыңға жетуі мүмкін деген болжам бар. Осыған орай жол картасы бойынша алдағы уақытта 50 мектеп салу жоспарланған. Оның ішіндегі 16 мектепті биыл қолданысқа беру көзделіп отыр. Аталған білім мекмелерінің алтауы мемлекет қаражатына, алтауы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында, қалған төртеуі жеке меншік кәсіпкерлердің есебінен салынбақ», - деді Шәкәрім Сейсенбай.
Тексеріс тобының мүшелері ең алдымен Майқайың мен А 351 көшелерінің қиылысында салынып жатқан жаңа мектептің құрылысына бас сұқты. Аталған білім ордасы 1200 оқушыға есептелген. Бүгінде білім ордасында ғимараттың ішкі құрылысын реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталды, жоспар бойынша тамыз айында пайдалануға береміз. Мектеп құрылысына мемлекеттік бюджеттен 3 млрд 96 млн теңге қарастырылған. Осы жылдың басына дейін 1 млрд 942 млн теңге игерілді. Ғимараттың жалпы көлемі 17 мың шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ, мұндағы оқушылар бір ауысыммен ғана оқитын болады», - деді мердігер компанияның өкілі
Бұдан кейін халық қалаулары №86 мектеп-гимназиясының бүгінгі жағдайымен танысуға бет бұрды. Белгілі болғандай, білім ордасында қордаланып қалған мәселелер баршылық екен. 2018 жылы қолданысқа берілген мектепте қазір 165 мұғалім сабақ береді, ал оқушылар пандемияға дейін екі ауысыммен оқуға мәжбүр болған. Себебі, 1200 оқушыға арналған мектепте 2 жарым мыңға жуық бала білім алады. Мекеме директоры депутаттармен кездесу аясында балаларға қажетті құрал-жабдықтарды өзге мектептерден алуға тура келетіндігін айтты.
«Бұл мектеп салынған кезде оның құрылысына бөлінген қаражаттың (1 млрд 900 мың теңге) ішіне оқушыларға қажетті материалдық базаның шығыны кірмеген. Міне, сондықтан ғимаратты тапсырған кезде бұл жерде оқушыларға қажетті құрал-жабдықтар болмаған. Химия, физика сынды кабинеттерімізде балаларға көрсететін заттарымыз жоқ. Біз осы мектептегі әр пәннің ұстаздарымен ақылдаса отырып, қажетті материалдық базаның шығынын есептей келе 150 млн теңгеге сұраныс жасадық. Соның ең болмаса 90 млн теңгесі берілсе, біраз мәселеміз шешімін таппақ», - деді мектеп директоры Базаркүл Сыздықова.
Эксплуатацияға берілгеніне екі жыл ғана болған мектептің шатырынан су кетіп, қабырғалары да сыр бере бастаған. Қоғамдық кеңестің мүшелері өзекті мәселелерді ескере келе, мұндай олқылықтарға қол сілтей қарауға болмайтынын айтты. Өз кезегінде Білім басқармасының басшысы алдағы уақытта білім мекемелерінің құрылыс сапасы мұндай болмайды деп сендірді.
«Біз қазір МЖӘ аясында салынатын жобалардың санын арттыруды көздеп отырмыз. Себебі, ол жобаларда мұндай проблемалар болмайды. Мектептер материалдық базамен толықтай жабдықталады. Сондай-ақ, олар 2 мың оқушы орнына есептеледі. Мәселен, мектеп екі ауысымға арналған болса, ол жерде 4 мың бала білім ала алады. Біз жеке меншік инвесторларды қаншалықты көбірек тарта білсек, мектептердің құрылыс мерзімі де соғұрлым тезірек аяқталады», - деді Шәкәрім Сейсенбай.
Жуырда ғана Мәжіліс депутаты Андрей Линник Нұр-Сұлтан қаласында МЖӘ аясында 7,5 млрд теңгеге салынып жатқан жобаны сынға алып, қомақты қаражатқа бір емес, бірнеше нысан салуға болатынын айтқан. Алайда Білім басқармасы мен құрылысқа жауапты компания өкілдері бұл шығын қазіргі нарыққа және мектептің сапасына лайық деп сендірді.
«Ғимараттың жалпы көлемі 23 452 шаршы метрді құрайды, сыйымдылығы 2 мың оқушыға арналған. Яғни, бір оқушыға шамамен 9-10 шаршы метрден келеді. Мектеп 5 қабаттан және жертөле қабатынан тұрады.
Ғимараттың ішінде 2 кинозал, 516 шаршы метрді құрайтын кітапхана, 113 кабинет (63 сынып кабинеті, 38 арнайы кабинет, 4 шеберхана кабинеті), 400 орынға арналған асхана, 473 шаршы метрлік коворкинг, қызметкерлерге арналған кафетерий, екі лифт болады. Бұдан бөлек, екі спорт залы мен стадион қарастырылған. Тіпті, территорияда балаларға арналған жылыжай да салынбақ», - деді құрылыс компаниясының өкілі Виктор Богма.
Виктор Богманың айтуынша, құрылыс жұмыстарының мерзімі нормативтік құжаттар бойынша 23 айды қамтиды. Алайда компания мектепті 8 айдың ішінде салып бітіруді көздеп отыр екен. Яғни, мекеме осы жылдың қыркүйек айында қоданысқа берілуі мүмкін. Қазірдің өзінде бірінші қабатқа терезелер орнатылып, желілерді тарту жұмыстары басталған.
«Біздің жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Онда бір оқушының орны қанша теңгені қамтитыны көрсетілген. Яғни, мұнда мектептегі оқушылардың саны мен оған тиесілі аумақтың көлемі есептелген. Сондай-ақ, біздің мектептің технологиялық құрал-жабдығына бөлінген қаражат құрылысқа бағытталған жалпы соманың 22 пайызын құрайды. Әдетте мектепті қолданысқа беретін кезде ғимараттың ішінде парталары мен орындықтары ғана болады. Осылайша мектеп тағы да қосымша ақша сұрап, қалған дүниелерді мемлекеттің есебінен сатып алуға мәжбүрленеді. Ал мұнда әдістемелік құрал-жабдықтардың барлығы қарастырылған», - деп нақтылады компания өкілі.
Осылайша тексеріс тобы білім нысандарының құрылыс жұмыстарына қатысты өз бағасын беріп, аталған олқылықтарды Мәжілісте көтеретінін айтты.
«Бұл жерде әлеуметтік желілерде бағасына, сапасына қатысты көтеріліп жатқан сұрақтар бар. 7,5 млрд теңгеге салынып мектеп халықаралық деңгейдегі стандарттарға сай келеді. Ал Майқайың көшесінің бойында салынып жатқан мектептің құрылысы мерзіміне сай жүргізіліп жатқанын көрдік. Біз білім мекмелерінің сапасы мен білім мазмұнын көрсететін материалдық-техникалық жабдықталуына баса назар аудардық, бұны біз күнделікті бақылауымызда ұстап отырамыз. Олқылықтарды да көрдік, ол мәселелерді біз заңнамалық негізде депутаттық сауал ретінде көтереміз», - деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан