ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

Елордада Қазақстан халқының бірлігі күні қалай атап өтіледі

Биыл іс-шаралардың бәрі онлайн форматта өтеді

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл елімізде көктемдегі маңызды мерекелердің бірі, оның құрметіне елордада жыл сайын көптеген мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар өткізіледі. Басты мақсат – Қазақстанда тұрып жатқан этностар мәдениетінің алуан түрлілігін, сондай-ақ азаматтардың бірлігі мен тұтастығын көрсету. Биыл іс-шаралардың бәрі онлайн форматта және санитарлық нормаларды толықтай сақтай отырып өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елордалық мектептердің сайттарында 30 сәуірде «Қазақстан – достық мекені!» ашық сабағын көруге болады.
М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында 30 сәуір күні «Бірлік пен бейбітшілік рәміздері» онлайн-Тэйбл-talk өтеді. Сонымен қатар, сарай ұжымы мен шешен-ингуш этнолингвистикалық-мәдени орталығы «Достық сәлемдеме!» челленджін бастайды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында осы күндері елорда ҚХА ЭМБ басшыларының, өкілдерінің бейне құттықтаулары жарияланатын болады.

Мерекеге орай қаланың мәдениет мекемелері көптеген іс-шаралар дайындады.

  • NOMAD City Hall сахнасында 1 мамырда «Бірлігіміз жарасқан, Қазақстан» мерекелік концерті өтеді.
  • М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының кіші сахнасында 1 мамыр күні сағат 18.00-де К.Людвигтің «Примадонны» комедиясы өтеді. Ал келесі күні аталмыш театр көрермендерді В.Шукшиннің «Светлые думы» әңгімесі бойынша сахналық қойылымымен қуантады.
  • 1 және 2 мамыр күндері қуыршақ театрында С.Жүнісовтың «Атамекен» драмасы көрсетіледі. Спектакльдер сағат 12.00, 14.00 және 16.00 уақытында басталады.
  • Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де мерекеден шет қалмайды. Бірлік күні № 5 көпшілік кітапханасы «Жүз этнос – бір халық» балалар суреттері мен шығармашылық жұмыстарының онлайн көрмесін өткізеді. Ал № 12 көпшілік кітапханасы әлеуметтік желілерде «Бірлігімен, достығымен және еңбегімен ел мықты» этнографиялық онлайн сюжетін ұсынады.
  • Көрермендер 1 мамыр күні сағат 14.30-да «Хабар» телеарнасынан «Ынтымақ мекені» мерекелік концертін тамашалай алады. Дәл осы уақытта «Астана» концерт залының сахнасында қала тұрғындарына арнап «Ынтымақ үйі» онлайн музыкалық шарасы ұйымдастырылады.
  • Достық үйінің Facebook және Instagram желілеріндегі аккаунттарында «ANK Live» студиясының тікелей эфирін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
  • «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешенінің ресми аккаунттарында мерекеге орай «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» көрмесі өтеді. Мұнда 3 мамырда «Татулық – достықтың киелі бесігі» атты дәріс ұсынылады.
  • Астаналық цирк өз кезегінде «Біз біргеміз» онлайн-іс-шарасын өткізеді.
  • Бейбітшілік және келісім сарайы 1 мамырға арнап Атриум залында «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлік пен келісімнің символы» тақырыптық онлайн-экскурсиясын дайындап отыр.
  • 3 мамырда Сәкен Сейфуллин музейінде «Ел тірегі – татулық» онлайн фото-көрмесі өтеді.

Айта кетейік, елордадағы іс-шаралардың бәрі санитарлық нормаларды толықтай сақтай отырып өтеді.