«Қан қысымым көтерілген»: Сағынтаевқа сұрақ қою үшін кезекке тұрғандар дәрігердің көмегіне жүгінді

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл қала әкімінің Түрксіб ауданы тұрғындарымен «ашық микрофон» форматында өткізіп отырған екінші кездесуі

Фото Марата Қалдыбаев

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындармен кезекті кездесуін Түрксіб ауданында өткізді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Қаланың шеткі, әрі көне аудандарының бірі саналатын бұл өңірде де қордаланған мәселе аз емес. Майлин көшесіндегі мәдениет үйіне жиналған аудан тұрғындары микрофонға жету үшін сағаттап кезекке тұрды. Түрксіб ауданындағы түйткілдің түйінін шешуге жиналған шенділерге тұрғындар тарапынан қанша және қандай сұрақтар қойылғанын саралап көрсек.

Бұл қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Түрксіб тұрғындарымен «ашық микрофон» форматында өткізіп отырған екінші кездесуі. Біріншісі 3 тамызда № 83 гимназияда өткен еді.

Бұл жолы да жиын Түрксіб ауданының әкімі Павел Кулагиннің алдын ала жазылған баяндамасымен басталды. Дәстүрлі баяндама бітпей жатып жұрт залдың үш жеріне қойылған микрофонға жаппай ұмтылды. Тұрғындардың көбі жеке басының емес, жалпыға ортақ жағдайды жылдам реттеуді талап етті.

«Сүйінбай даңғылының біздің ауданға қарасты тұсында жол белгілері тым аз. Үйіміздің  қасында жаяу жүргінші үшін белгі қойылса да, көршімнің 24 жастағы қызын машина қағып өлтірді. Бұл осымен адам өлімімен аяқталған екінші жағдай. Апат көп болады. Әкімге талабым: сол жерге жылдамдықты азайтатын кедергі немесе бағдаршам қойсын. Камера да керек. Жолдан өтуіміз қауіпті. Ол маңда барлығы елу адамдай ғана тұрамыз. Шетінен осылай өле берсек бір күні таусылып бітеміз», - деді өзін Айнагүл Кәрібаева деп таныстырған тұрғын.

Сұрағын қойған әйел кезекке тұрған адамдардың арасынан сығылыса сыртқа ұмтылып,  дәрігерлердің көмегіне жүгінді.

«Сұрақ қоям деп көп тұрдым. Қан қысымым көтеріліп кетіпті. Белім де ауырды. Дәрігерлер тексерді. Таза ауаға шығуым керек», - деді ентіккен Кәрібаева.

Дәрігерлердің алдында тұрса да мәселесін айтуды тоқтатпаған тағы бір тұрғын – Ангелина Боброва.

«Біздің үйіміз 1973 жылы салынған. Орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Бірақ «Тоспа су» бізден ай сайын кәріз қызметі үшін ақша талап етеді. Түбіртек бойынша келген қарызымыз 25 мың теңгеге жеткен еді. Соттың үкімінен кейін ол 50 мыңға жетіпті. Төлеңдер дейді. Біз құдыққа жиналған лас суды сорғызу үшін ассенизатор жалдаймыз. Сонда олар бізден не үшін ақша талап етеді, көрсетпеген қызметі үшін бе?», - дейді ол.

Мәдениет үйінің кіре берісіне жайғасқан ақ халаттылар жиналыстың бел ортасы енді ғана болса да оннан астам тұрғынның көмек сұрап келгенін айтты.

«Оннан астам адамды қарадық. Көп келіп жатыр. Ішінде бір ғана тұрғынның қан қысымы 180-ге көтеріліп кетіпті. Басқасының денсаулығына қауіп жоқ», - деді кезекші медбикенің бірі.

Ал, Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаевтың түсіндіруінше, орталық кәріз жүйесіне қосыламаса да, құдығындағы (септик) арам су үшін ақша төлеп келген тұрғындарға 2020 жылдан бастап түбіртек жіберілмейді.

Аудан халқы көптеген жерлерде әлі күнге дейін көше жарығының жоқтығын, жаяу жүргіншілер жолы мен қоғамдық көліктердің жетіспейтіндігін айтып, істі соза бермеуді сұрады.

Көне ауданда ескі үйлерді жаңалау мәселесі де шешімін таппаған. Қалада тозығы жеткен мыңнан астам үй болса, олардың тең жарысы осы Түрксіб ауданының аумағында. Әкімдік, «ескі үйлерді сүру» бағдарламасына инвестор іздеп жатқандарын жеткізді. Мектеп пен мемлекеттік балабақша да жетіспейді.

Үш сағатқа созылған жиында қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа кезекке тұрған 54 тұрғын тарапынан 133 сұрақ қойылды.

«Осы таяудағы бірнеше жылда жолдар мен коммуналдық инфрақұрылым мәселелерін толығымен шешеміз. Осылайша жол, жарықтандыру, сумен жабдықтау және өркениеттің басқа да артықшылықтары мегаполистің барлық жерін қамтуы тиіс. Нәтижеге жету үшін біз бір-бірімізді тыңдап, осындай кездесулер өткіземіз. Біз жетістікке тек біріксек қана жете аламыз», - деді жалынды сөзбен жиынды аяқтаған Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы.