Қарыз сомасы 1 миллиард теңгеден асып кеткен
26 сәуірде Қорғаныс министрлігіне қарасты компаниядан миллиондаған ақшасын ала алмаған кәсіпкерлер министрліктің алдында наразылық танытты. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Кәсіпкерлердің бірі әскери казармаларға құрылыс материалдарын жеткізсе, бірі терезесінің алдына гүл отырғызып берген. Тағы бір клининг компания ғимараттың ішін тазалапты. Соның ақысын жарты жылдан бері күтіп жүр.
Кәсіпкерлердің айтуынша, қарыз сомасы 1 миллиард теңгеден асып кеткен. Ал министрлік былыққа батқан компанияның қарызын қалай қайтарарын білмей әлек. Наразы кәсіпкерлердің ортасында елордалық тілшіміз те болып келді.
«Маған «Әскери құрылыс» серіктестігі 99 миллион 900 мың теңге қарыз. Жарты жылдан бері ала алмай жүрмін. Мен Балқашқа, Приозерск мен Щучье, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Ақкөлге құрылыс материалдарын жеткізіп бердім. Енді менің компанияма салық төлемдері келіп тұр. Оны төлейтін ақшам жоқ», - дейді мердігер компания басшысы Дамир Сатыбаев.
Ол құрылыс материалдары казармаларды жөндеуге қолданылған. Ғимараттары шаң-тозаңнан тазартылып, терезелерінің алдына дейін гүлмен жайқалтқан. Министрлікке қарасты компания болғандықтан сенген олар бүкіл жұмысты өз қаражатына істеген. Енді сотқа берейін десе, оған төлейтін қаражаты жоқ.
«Сотқа сотқа берсеңіз, оның 3 пайызы бар. Оған да ақша керек. Жекеменшік нотариус арқылы бір пайызы бар. Оның бәріне, дәл біз сияқты компанияның жетекшілерінде ондай қаражат жоқ. Ол ақшаны жұмысқа жұмсаған, жұмысқа несие алып бітірген. Енді сол ақшаны ала алмай отыр», - дейді мердігер компания басшысы Ерлан Шілдебаев.
Қорғаныс вице-министрі компаниялар арасындағы дауға ведомствоның араласуға қақысыжоқ деп басын арашалады. Айтуынша, қаражатты «Әскери құрылыс Астана» ЖШС-ға түгел аударып бергенін айтады. Бірақ қаржы сол серіктестіктен ары аспай, жұмысты орындаған мердігер компанияларға жетпей қалып тұр. Министрлік бұл мәселеден біраздан бері хабардар екен. Мәселенің басын ашу үшін серіктестікке қатысты қаңтар айында аудиторлық тексеріс бастаған.
«Өкінішке қарай, қазірдің өзінде олқылықтар шығып жатыр. Бағаны 10 есе асырып көрсеткен дерек бар. Оны құқық қорғау органдары нақтылайды. Одан бөлек, Қорғаныс министрлігіне керек емес құрылыс материалдарын сатып алған да жайттар анықталды. Оның бәрін арнайы органдар анықтайды. Қазір тығырықтан шығу үшін үш түрлі жол ұсынып отырмыз, - деді вице-министр Мұхамеджан Таласов.
Оның бірі – серіктестіктің бір миллиард 300 миллион теңге активі бар. Сол арқылы қарызды қайтару, болмаса, акционерлік қоғам арқылы жаңа тендерлерге тартып, қаржылық жағдайын жақсарту. Үшіншісі – әкеп берген материалдарын қайтарып беру. Ал жаңа келген компания директоры өз ұжымының шаруашылығынан бейхабар.
Мердігерлерді әбігерге салған «Әскери құрылыс Астана» ЖШС өзімен аттас акционерлік қоғамның еншілес ұйымы. Ал акционерлік қоғам толығымен министрліктің өзіне тиесілі.