QazVac емес: Атырау облысының әкімі вакцина салдырды
Өңір басшысы вакцинациядан кейінгі жағдайын айтты

25 сәуірде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Геолог емханасына» барып, коронавирусқа қарсы вакцина алды. Дәрігерлер алдымен өңір басшысын тіркеуден өткізіп, дене қызуы мен қан қысымын өлшеуден бастап толық медициналық тексеру жасады. Сосын Қарағанды фармацевтика зауытында шығарылған «Спутник-V» вакцинасын салдырттым.
«Вакцинадан кейін жарты сағат арнайы бөлмеде мамандар бақылауында болдым. Қазір жағдайым жақсы, ешқандай жанама әсерлері байқалған жоқ. Мамандар екпе салынған жерге су тигізбей, жылы ұстап, күтініп әрі сақтық шараларын ұстанып жүруге кеңес берді.
Жексенбі екеніне қарамастан, емханаға вакцина алушылар келіп жатқанын көрдім. Дәрігерлер халықтың жас-кәрі демей вакцина алуға деген белсенділігі жақсы екенін айтып отыр», - деп жазды өңір басшысы.
Еске сала кетейік, 26 сәуірде қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы отандық QazVac вакцинасын салу басталды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой отандық QazVac вакцинасын қабылдады.