Шұғыл«Тағы да антирекорд»: Қазақстанда өткен тәулікте 6 521 адамнан коронавирус анықталды

Нұр-Сұлтанда құрылысы ұзаққа созылған мектептің құрылысы қайта басталды

Қала әкімі үш ауысымды оқыту және тығыздалған режимі бар мектептер санын азайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында биыл үлкен 16 мектеп салынатынын, олар 40 мыңнан астам оқушы орнын құруға мүмкіндік беретінін мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үйлер мен мектептер сынды әлеуметтік нысандардың құрылысы — біз жұмыс атқарып жатқан басым бағыттардың бірі! Бүгінгі қаланы аралау барысында бірқатар мектептердің құрылыс барысымен таныстым.

Оқжетпес пен Ш.Бөкеев (Сарыарқа ауданы) көшелерінің қиылысында орналасқан мектеп құрылысы ұзаққа созылды. Мектеп құрылысы 2017 жылы басталды. Құрылысты қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзету жүргізілді, қаржыландыру бөлінді. Осылайша мектептің құрылысы қайта басталды. Аталған мектеп екі ауысымда 2400 оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл сол аудан тұрғындарының қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы барған № 23 орта мектеп аумағында бес қабатты мектептің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Оқу орны Өндіріс елді мекенінде (Байқоңыр ауданы) орналасқан.

Биыл өткен жылдармен салыстырғанда көбірек мектеп саламыз. Үлкен 16 мектеп салынбақ. Олар биыл 40 мыңнан астам оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Өткен жылмен салыстырғанда оқушы орындарының саны 2 еседен артық, ал 2019 жылмен салыстырғанда 4 еседен артық ұлғаяды.

Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңде 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ мектеп құрылысына жеке инвестициялар тартамыз. Инвестициялық кеңестерде 30-дан астам жекеменшік оқу орындарының құрылысы қолдау тапты.

Үш ауысымды оқыту және тығыздалған режимі бар мектептер санын азайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізудеміз», — деп жазды елорда әкімі.