Енді Ресейге тұрақты әуе қатынасын қалпына келтірген барлық елдің рейстерімен ұшып келуге болады
Қазақстандықтар Ресейге үшінші елдерден ұшып келе алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай тәртіп Ресей Федерациясы Үкіметінің 2021 жылғы 14 сәуірдегі N 963 өкімімен қарастырылған.
Енді Қазақстан азаматтары Ресейге тұрақты әуе қатынасын қалпына келтірген барлық елдің рейстерімен ешқандай кедергісіз ұшып келе алады.
«Қазір Ресей келесі елдермен тұрақты жолаушылар рейстерін жүзеге асырады: Қазақстан, Ұлыбритания (2021 жылдың 1 маусымына дейін тоқтатылды), Танзания (белгісіз мерзімге тоқтатылды), Түркия, Швейцария, Мысыр, Мальдив аралдары, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан, Корея Республикасы, Куба, Сербия, Жапония, Сейшел аралдары, Эфиопия, Вьетнам, Үндістан, Катар, Финляндия, Әзербайжан, Армения, Грекия, Сингапур, Венесуэла, Германия, Сирия, Тәжікстан, Өзбекстан, Шри-Ланка», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР азаматтары Қазақстаннан Ресейге тікелей әуе рейстерімен ғана кедергісіз ұшып келе алатын, үшінші елдер арқылы ұшып келу осы елдерде тұруға ықтиярхаты болған жағдайда ғана мүмкін болған.
Сондай-ақ, Ресейге кіру кезінде шетелдік азаматтарға шекарадан өткенге дейін кемінде 72 сағат бұрын берілген ПТР әдісімен COVID-19 тестінің теріс нәтижесі бар анықтама қажет екенін хабарлаймыз.