ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

Елордада заңсыз қоқыс төгу ісіне мониторинг күшейтілді

Құрылыс қоқысының тек 11 мың тоннасы экополигонға төгілген, қалған 87 мың тоннасы қала шетіне шығарылған

Елорда әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков жол-құрылыс компанияларының өкілдерімен, жер учаскелерінің пайдаланушыларымен және иелерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында рұқсат етілмеген қоқыс орындары, санитарлық нормалар, қаланы абаттандыру ережелерін сақтау мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ұлттық ғарыш орталығы серверді қолжетімді жасады, онда онлайн режимде қатысушыларға рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің орналасуы мен көлемі көрсетілді», - делінген әкімдік хабарламасында.

Табиғат қорғау полициясы белгіленбеген орындарға қоқыс түсіретін жер учаскелерінің иелері мен пайдаланушыларына тиісті нұсқама берді. Ал құрылыс ұйымдары қоқысты экологиялық полигонға шығаруға міндеттеледі.

Айта кету керек, қала бойынша құрылыс қоқыстарын шығарумен 100-ге жуық клинингтік компания айналысады, олар өткен жылы 98 мың тонна шығаруға шарт жасасып, оның тек 11 мың тоннасы ғана экополигонға әкелінген. Осыдан барып қалған 87 мың тонна қала шетіне шығарылғанын аңғаруға болады.

Әкімдік iKomek-пен бірлесіп, санитарлық нормаларды жүйелі түрде бұзатын жер учаскелерін пайдаланушыларға мониторинг күшейтіп, жерін алып қою процестеріне бастамашылық жасады. Сол сияқты Экологиялық кодекске және қаланы абаттандыру ережелеріне өзгерістер әзірлеу басталды.

Сонымен қатар, санкцияланбаған қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмас үшін елорда әкімдігінің Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы Экология департаментімен, Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметімен, «Астана Эко полигоны» ЖШС және «Клин сити» ЖШС бірлесіп құрылыс объектілерінің қоқыстарын экополигонға шығару бойынша тиісті қағидаларды сақтау және шарттық міндеттемелерді орындау тұрғысынан рейдтік тексерулер мен мониторинг жүргізеді.

«2021 жылдың ақпан және наурыз айларында абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 150-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі, 29 құрылыс ұйымы және 31 мердігерлік ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде белгіленбеген орынға қоқыс төккені үшін 10 жүк көлік жүргізушісіне айыппұл салынды», - делінген ақпаратта.