Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде Сібір тау ешкісі фототұзаққа ілінді
Былтырғы санақ: ұлттық парк аумағында 1,6 мың бас таутеке бар
Жоңғар-Алатау ұлттық паркінің аумағында Сібір тау ешкісі фототұзаққа ілінді. Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі нің ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің қызметкерлері парк аумағына фототұзақтар құру арқылы таутекелердің таралу аумағына, маусымдық құбылысына тұрақты бақылау жүргізуде.
Былтыр парк аумағында таутекелерді тұрақты есепке алу маршруттары арқылы санақ жүргізіліп, парк аумағында 1596 бас тау ешкісі бары анықталған.
Таутеке – қуысмүйізділер тұқымдасына жататын жұптұяқты жануар. Текелерінің дене тұрқы 140 – 167 см, салмағы 59 – 82 кг болса, ешкілері кішірек. Түсі сұрғылт, біркелкі. Қысқа қарай ірі текелерінің жотасы мен мойнында, қапталында ақ түсті жолақ пайда болады. Текесінің семсер тәрізді, көлденең бунақты, ұзындығы 140 см-дей мүйізі болады, ешкісінің мүйізі 40 см-дей. Маусым сайын таудың басынан етегіне, етегінен басына дейін ауысып, қоныс аударып отырады.