Биыл жазда GGG америкалық Деметрис Андрадемен жекпе-жекке шығуы тиіс
Кәсіпқой бокстан орта салмақта IBF және IBO чемпиондық белбеулерінің иесі Геннадий Головкин (41-1-1) жапон боксшысы Риото Муратамен (16-2, 3 КО) жекпе-жек өткізуді жоспарлап жатыр деп жазады Vesti.kz. Риото Мурата WBA чемпионы екенін айта кету керек.
Спорт сарапшысы Крис Мэнникстің мәліметінше, тараптар келіссөз жүргізіп жатыр. Жекпе-жектің өзі биыл 31 желтоқсанда Жапонияда өтуі мүмкін.
Бұл ақпаратты Головкинмен жұмыс істеп жатқан промоутер Эдди Хирн де растады. Ол биыл жазда GGG мен америкалық әлем чемпионы Деметрис Андраде (30-0, 18КО) арасында жекпе-жек жоспарланғанын да айтып отыр.
Еске салайық, қазақстандық боксшы соңғы рет рингке былтыр желтоқсан айында шыққан болатын. Ол кезде жерлесіміз поляк Камил Шереметаны нокаутпен жеңіп, әлем чемпионы титулын 21-рет қорғады.