Нұрлан Сабуров Серік Сәпиевке қарсы рингке шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Танымал қазақстандық тұлғалардың бокстан бірге жаттығып жүрген видеосы жарияланды

2012 жылы Олимпиада чемпионы атанған белгілі боксшы Серік Сәпиев қазақстандық танымал әзілкеш Нұрлан Сабуровпен бірге рингте жаттығу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Екеуінің бірге жаттығып жүрген сәтін Серік Сәпиев өзінің Instagram-парақшасында жариялады. Кадрларда олардың бокс жаттығуында қолданылатын арнайы жастықша – «табанмен» жаттығып жүргені көрінеді.  

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басшысы танымал стэндап-комиктің спорттық дайындығы жақсы, соққылары дәл әрі қатты екенін айтып, мақтау білдірді.

«Нұрланмен жаттығып жүрміз, оған «табан» тосып тұрдым. Видеодан көргендеріңіздей, ол дәл соққы жасай біледі, жақсы бокс мектебінен өткені көрініп тұр», - деп жазды Сәпиев.

Айта кетсек, Серік Сәпиев — қазақстандық саяси қайреткер, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт  және дене шынықтыру істері комитетінің басшысы. Еңбегі сіңген спорт шебер, 2012 жылы Олимпиада чемпионы атанған. 

Нұрлан Сабуров — қазақстандық әзілкеш, ресейлік ТНТ арнасындағы StandUp шоуының арқасында танымал болған. Екатеринбургте «Жастармен жұмысты ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алған. Оқушы кезінен Степногорск қаласының Көңілді тапқыштар клубында ойнаған. Бала кезінен бокспен айналысқан. 2020 жылғы Forbes нұсқасы бойынша болашағы зор 30 жасқа дейінгі ресейліктер тізіміне енген. YouTube желісінде ол жүргізген «Что было дальше?» шоуының әр шығарылымы миллиондаған қаралым жинап жатыр.