Есенғали Раушанов - ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов қайтыс болды. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек жеткізді.
«Алла алдынан жарылқасын. Асыл рухы бейіштің төрінде шалқысын. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі», - деп жазды Ақберен Елгезек.
Есенғали Әбдіжаппарұлы 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда Хожелы қаласында дүниеге келген. 1976 — 1980 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысы Мырзашөл ауданындағы «Достық» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып бастаған. Әр жылдары «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі, «Арай» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») журналының бас редакторы (1988 — 95), 1995 жылдан «Жазушы» баспасының директоры болды.
Алғашқы жыр жинағы «Бастау» деген атпен 1980 жылында жарық көрді. Кейін ұлт бостандығы, туған дала тарихы туралы жазылған.
«Келінтөбе» (1984), «Шолпан жұлдыз туғанша» (1988), «Ғайша бибі» (1991, «Aлаш» сыйлығын алды), «Қара бауыр қасқалдақ» (1995) атты жыр кітаптары жарық көрген. Көптеген өлеңі, поэмалары орыс, литва, украин, болгар, чех, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған.