Вакцинациядан соң қандай жағдайда еңбекке жарамсыз деген парақ алуға болады
Алматыда 1 ақпан мен 15 сәуір аралығында барлығы 108 069 адам коронавирусқа қарсы вакцина алған

Алматы қаласындағы вакцинациялау барысына қатысты мәліметтерді бүгін өңірлік коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифинг кезінде №4 қалалық емхананың мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Гүлжан Қартаева айтты. ҚДСБ өкілі екпе алғаннан кейін оның жанама әсерлері пайда болған жағдайда, қала тұрғындарына емханаларға жүгіну керек екені хабарлады. Ол жерде пациенттерге еңбекке жарамсыздық парағын ашады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Вакцинаны салдырғаннан кейін пациенттің температурасы көтерілсе, оның еңбекке жарамсыздық парағын ашу құқығы бар», - деп хабарлады Гүлжан Қартаева брифинг барысында.
Сонымен бірге спикер вакцинаның бірінші компонентін бір қалада, екіншісін басқа қаладан алуға бола ма деп жиі қойылатын сұраққа жауап берді. ҚДСБ өкілінің айтуынша, екі екпені де бір қалада, мүмкіндігінше вакцинаның бірінші компоненті қойылған егу пунктінен алған жөн.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілінің айтуынша, шаһарда 1 ақпан мен 15 сәуір аралығында барлығы 108 069 адам вакцинацияланған. Өткен тәулікте 10 924 адам екпе салдырған.
Гүлжан Қартаеваның мәліметінше, вакцинацияланғандардың ішінде 9 985 құқық қорғау органдарының қызметкері, 11 178 педагог, 13 951 медицина қызметкері және басқа да кәсіп өкілдері бар.
Алматыда вакциналау үшін 200-ге жуық егу пункті ашылды. Бұл ретте тек медициналық мекемелер базасында ғана емес, базарларда, СОО-да, ХҚКО-да, мектептерде, мәдениет нысандарында және тіпті тұрғын үй кешендерінде де бар.
Спикер Бостандық ауданында егу науқанын ұйымдастыру жағдайы туралы айтып берді. Оның мәліметінше, осы ауданда орналасқан төрт мемлекеттік емханада 357 836 адам тіркелген. Оларды вакцинациялау үшін 43 егу пункті ашылды, оларда құрамында 300 медицина қызметкері бар 62 бригада жұмыс істейді.
«Біздің егу пункттерінде 60 тәжірибелі дәрігер, 120 медбике, 120 оператор және 15 волонтер жұмыс істейді. Жаппай егу басталғаннан бері 21 691 адамға вакцина салынды», - деді Г. Қартаева.
Жалпы Алматыда 203 пункт жұмыс істейді, онда 1 809 медицина қызметкері бар 406 егу бригадасы жұмыс істейді, дәрігерлерге медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің еріктілері көмектеседі.
«Мамандар 91-ші емхананың егу пункттерінде, сауда,ойын-сауық орталықтарында және қаламыздың базарларында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 364 білім алушы интерндер мен резиденттер жұмыс істеуде. Барлығы 975 адам оқытылды (611 резервте)», - деп нақтылады ҚДСБ өкілі Г. Картаева.
Онлайн-брифинг барысында спикер Алматыға 13 сәуір күні вакцинаның алтыншы траншы келгенін, барлығы 65 290 доза жеткізілгенін хабарлады. Бүгінгі күні вакцинаның қалдығы 68 330 дозаны құрайды.
Вакцинаның келесі траншы 34 900 мың доза көлемінде 23 сәуірде келеді деп күтілуде. Сондықтан вакцина жеткіліксіз деп алаңдаудың қажеті жоқ.
Гүлжан Қартаева алматылықтарды екпеге жазылуға шақырып, айтылған ақпаратты қорытындылады. № 4 қалалық емхананың мониторинг және талдау бөлімінің басшысы тек екпе алу арқылы ғана пандемияны болдырмауға болады деп есептейді. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайда, коронавируспен ауыру қаупі жоғары болып отырған кезде, ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың ең жақсы нұсқасы - вакцина болып отыр.