Төселгеніне жарты жыл өтпеген асфальт жарылып жатыр
Қарағанды облысында қазынаның миллиондаған қаржысына салынған күре жолдың сапасы сыр берді, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.
Қарқаралы қаласы мен Қасым Аманжолов ауылын жалғап жатқан 33 шақырым жолға жарты жыл бұрын ғана асфальт төселген. Қазір шұрық-тесік.
Қарқаралы қаласы мен Қасым Аманжолов ауылы арасындағы 33 шақырым жол былтыр ғана күрделі жөндеуден өткзілген. Ол үшін қазынадан 818 миллион теңге қаржы бөлініпті. Алайда жарты жыл өтпей жатып асфальт жарылып жатыр.
«Әлі жүк көліктер жүрген жоқ. Өйткені ауыл болып жүк машиналарын жүргізбеуге жағдай жасап жатырмыз. Бұл жеңіл машинаның доңғалағынан ұшып кетті. Ертең енді отын, көмір тасу басталады. Бір жыл болған жоқ, мынадай шұңқырлар бар. Енді күзге дейін мыналарыңыз үлкен-үлкен шұңқырға айналады», - деді Қасым ауылының тұрғыны Серік Сәбитов.
Жылдар бойы жол азабын тартып келген ауыл жұрты жұмыстың сапалы атқарылуын өз бақылауына алмақ болып, 10 адамнан тұратын комиссия да құрған. Олар қаншама олқылықты анықтап, мердігерге талап қойғанымен, нәтиже жоқ.
«Біздің жолдың астына ештеңе төселген жоқ. Смета бойынша ол негіз қарастырылмаған. Асты саз. Сондықтан бұл жерге неше сантиметр асфальт салсаңыз да, ертең үстінен жүк машиналары жүрген кезде ол бәрібір батып кетеді. Бір жыл болған жоқ, міне. 5-6 ай өтті, асфальттың 10 проценті ұшып жатыр», - дейді тағы бір тұрғын Әнуар Шәкәрімов.
Тұрғындардың талап-арызы бойынша ұлттық сапа орталығы бұл учаскеге тексеріс жүргізген. Нәтижесінде жолдың әр жерінен алынған 60 керннің ешқайсысы да стандартқа сай болмай шықты. Оның бірнеше себебі бар.
«Бірінші себебі, ыстық асфальттың Қарағандыдан тасылуы. Ол Қасым Аманжоловқа жеткенге дейін өз температурасын жоғалтып, жолға төселген кезде асфальт құрамындағы сапасы жоғалады. Сол себепті салынуы дұрыс болмай, жолдың осындай жағдайға түсуіне себеп болып отыр», - деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК инженері Арнат Қайыртай.
Жолдың сапасыз болуының тағы бір себебі асфальттың астына қиыршық тас салынбаған. Ескі жолды қырып, топырақтың үстіне төсей салыпты. Ал мердігер болса, жұмысты жобалау-сметалық құжатқа сүйене отырып жасағанын айтады. Демек, әу баста құжатты әзірлеген кезде қателік кеткен. Қазір жергілікті атқарушы билік өкілдері мердігерді сотқа берген.
«Бүгінгі күні сол мердігерлермен бізде сот процестері жүргізіліп жатыр. Пайда болған ақаулар кепілдік мерзімі ішінде өздерінің қаражаттарының негізінде жойылатын болады», - деді аудандық ТҮКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Амангелді Жанбота.
Тұрғындардың айтуынша, мердігер сапасыз жолдың әр жерін жамағанымен, мәселе түбегейлі шешілмейді. Ауыл азаматтары миллиондаған қаражаттың сұрауы болса, асфальт қайта төселсін деп талап қойып отыр. Себебі 2022 жылы жолдың кепілдік мерзімі аяқталады.