Биыл Павлодарда алғаш рет балалар жағажайы ашылады

Автор: Azattyq Rýhy

Аймақта шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 154 қоғамдық құтқарушы оқытылды 

Биыл Павлодарда алғаш рет балалар жағажайы ашылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

Облыстық әкімдікте өткен жиында өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов шомылу маусымына дайындық туралы баяндады. 

"Облыста 33 жағалау бар. Оның 17-сі – коммуналдық, 16-сы – жеке меншік. Өткен жылы 16 адам суға батып, көз жұмды: үшеуі – бала. Аталған көрсеткіш 2019 жылғыдан екі есеге төмен. Суда көз жұмғандардың көбі алкогольді мас күйде болған. Ондай 6 жағдай орын алды. Тәжірибесі болмай тұрып құтқаруға тырысқан 2 жағдай, өз күшін жоғары бағалап, сеніп қалған 5 жағдай, ересектердің қарауынсыз суға шомылған 3 жағдай болды. Өткен шомылу маусымында 9 адам құтқарылып, 2 адам эвакуацияланды", - деді Ернұр Өтегенов.

Департамент бастығының айтуынша, 2020 жылы құтқару құрал-жабдықтарын алуға 20,9 млн теңге бөлінген. Құрал-жабдықпен қамту талапқа сай 64,9 пайызға жеткізілді.

Сондай-ақ Усолка өзені жағасындағы жағдайларға жедел әрекет жасау үшін полиция департаментімен бірге камера орнатылды.

Департаментпен шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 154 қоғамдық құтқарушы оқытылды.

ТЖД басшысы адамдардың көз жұмуы мен болған оқыс жағдайларды сараптай келе бірқатар мәселелер туындағанын атап өтті.

"Шомылу орындары қажет. Жасақталған шомылу орындары аз болғандықтан адамдар белгіленбеген орындарда шомылуда. Оның салдары қайғылы жағдайға әкеледі. 2020 жылғы жол картасы бойынша қосымша 9 жағажай ашу жоспарланған болатын. Павлодар қаласы мен Павлодар ауданында – 3, Екібастұз, Ақтоғай, Железинде – 1. Павлодар қаласында өткен жылы 2 жағажай жасалып басталды. Бірі – Естай көшесінен түсетін жерде, екіншісі – Усолка өзенінде құтқарушылар станциясының сол жағында орналасқан балалар жағажайы. Павлодар әкімдігіне мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орын да қарастыру қажет", - деді Ернұр Өтегенов.

Ернұр Өтегеновтің айтуынша, жол картасы бойынша қажетті жағдай жасалса, тағы 9 орында жағажай ашуға болады. Ал, биыл алғаш рет Павлодарда балалар жағажайы ашылады.

"Балалар каникулда қараусыз қалады да, суға шомылуға келеді. Өткен жылы ата-анасының қарауынсыз шомылып жүрген 45 бала анықталды. Негізінен орталық жағалаудың қасынан балалар жағажайын ашқан дұрыс болар еді. Сол кезде олар бақылауда болады. Әрі спорт басқармасы суға шомылуды үйретуге мүмкіндік туады", - деді Ернұр Өтегенов.

Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров өткен жылы 584 адам белгіленбеген орында шомылғаны үшін жауапкершілікке тартылғанын айтты. Бұндайда ескерту беріледі, қайталанса 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал, су айдындарының маңында алкоголь сусындарын ішкені үшін 2 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған.

"Су айдындары жанында қызмет атқаратын полицейлерге тиісті құрал-жабдықтар беріледі және олар төтеншеліктердің көмегімен оқытылады. Ал, ереже бұзғандарды жауапкершілікке тарту үшін әкімдіктер белгіленбеген орындарда арнайы белгіні орнатуы тиіс. Сол кезде біз ескерту жүргіземіз де, қайталанса, жауапкершілікке тартамыз. Егер бала жүрсе, оны мектеп ішіндегі тізімге алып, ата-анасына ескертеміз", - деді Жасқайрат Қайыров.

Жиын қорытындысында облыс әкімі шомылу маусымы таяп қалғанын ескертіп, қала басшыларына жағажайларда заманауи жағдай жасауды, жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ шомылу маусымы басталмай тұрып ақпараттандыру жұмысы жақсылап жүргізілуі тиістігін ескертті.