Медицина қызметкерлерінің оқытылмағаны, нұсқаулықты білмейтіні және талапты ескермейтіні айтылды
Жұрт жаппай вакцинациялау жұмыстарына наразы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «24 kz» сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстанның тұтынушылар лигасына» түскен он арыздың сегізі коронавирусқа қарсы екпеге қатысты екен. Бұл туралы бүгін Алматыда тұтынушылар қауымдастығының басқарма басшысы Светлана Романовская мәлімдеді. Азаматтар вакцина туралы және оның кері әсері жайлы ақпараттың жоғына шағымданған. Сонымен қатар екпе орталықтарындағы медицина мамандарының дайындығы да төмен екенін алға тартқан. Светлана Романовская «Екпе алушылар көп, сондықтан келген адамдар жабық ғимаратта ұзақ отыруға мәжбүр», дейді. Вакцинаны жылыту технологиясы да талапқа сай емес. Медбикелер препаратты алақандарына салып жылытады. Нұсқаулыққа сәйкес вакцина құйылған құты жарты сағат бөлме температурасында жылытылуы тиіс. «Бұл екпенің тиімділігіне күмән тудыруы мүмкін», - дейді Светлана Романовская.
«Медбикелер өздері білмейді, себебі, нұсқаулықты оқымайды. Қалаға вакцина келді деген соң халық та жаппай екпе алуға келген. Мен өзімнің екінші кезеңде салатын вакцинамды сұрағанда, олар бізге не берді, соны егеміз, басқа жоқ, бізде тек осы вакцина ғана дейді. Медицина қызметкерлері оқытылмаған, нұсқаулықты білмейді. Талапты ескермейді. Бұл өте қауіпті», - деді «Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығы ЗТБ басқарма басшысы Светлана Романовская.