Өзен тасып кеткендіктен, автожолдар су астында қалды
Қарағанды облысындағы бірнеше ауылда қатынас үзілді. Өйткені жергілікті өзен арнасынан тасыған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Осының салдарынан автокөлік жолдары су астында қалды. Төтенше жағдай мамандары су екпінін арнайы бөгеттермен тоқтатып әлек. Қар да жылдам еріп, жығылғанға жұдырық болып тұр. Жағдай әсіресе Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында қиындады. Дегенмен мамандар елдімекендерге төнген қауіп жоқ деп сендірді.
Қарағанды өңірінде ірі суқоймалар мен өзендерде мұзды жару жұмыстары әлі аяқтала қоймаған. Соған қарамастан қар жылдам еріп жатыр. Осакаров, Нұра аудандарында республикалық тасжолдарды су басты. Мамандар селдің екпінін арнайы бөгеттермен тоқтатты. Ал Көн, Нұра, Теңіз көлдерінің маңында орналасқан Нығман, Ақтүбек, Құланөтпес ауылдарына көлік қатынасы тоқтады.
«Бұл жыл сайын болатын жағдай. Оны халық біледі. Құзыретті мекемелер де біледі. Жағдай бақылауда деп айтуға болады. Әрекет жасау қиын. Өйткені ол елдімекендер Теңіз өзенінің кіреберісінде мемлекеттік парк, Көн және Нұра өзенінің қиылысында орналасқан. Үлкен дамбы ретінде бөгетпен қоршалған», - деді Қарағанды облыстық ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.
Солтүстік Қазақстан облысында да осыған ұқсас жағдай болуда. Аудан орталығы Тимирязев ауылына баратын жолдың біраз аумағын қар суы басып қалған. Сел өңірдегі облыстық маңызы бар жолдың да үстінен өтіп жатыр. Есіл ауданы Горное елдімекенінің маңында қар суы жиналып, көлге айналған. Төтенше жағдай қызметі мамандарының айтуынша, әзірге жақын маңдағы елдімекендерде орналасқан үйлерді су басу қаупі жоқ.
«Кеше және бүгін ауа температурасы көтеріліп, жаңбыр жауды. Соның әсерінен қар қарқынды ери бастады. Жолды басып қалған сулар терең емес. Көліктер емін-еркін қозғалып жатыр. Жағдайды бақылап отырмыз. Жақын маңдағы ауылдар үшін қауіп жоқ. Жиналған қар суын сорып, арықтарды тереңдеттік», - деді СҚО ТЖД басшысының орынбасары Мұрат Қанғожинов.
Қарағанды облысында су тасқынына қарсы жедел штаб ертең көлік қатынасы үзілген ауылдарды ұшақпен бақыламақ. Соған сай шара қолданамыз деп сендірді.