Ақордада мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі тағайындалды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұған дейін бөлім меңгерушісі болған Нұрлан Сауранбаев ҚТЖ басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды

Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысының өкімімен Қанатбек Жайсаңбаев ҚР Президенті әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Еске сала кетейік, 8 сәуірде Нұрлан Сауранбаев ҚР Президенті әкімшілігі мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылып, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.

Қанатбек Жайсаңбаев 1980 жылы 8 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясының сот-прокурорлық факультетін бітірген, заңгер.

2008-2010 жылдары - Қызылорда облысы әкімінің аппарат жетекшісінің орынбасары, 2010-2016 жылдары- Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі лауазымдарын атқарды.

2016 жылдан бастап ҚР Президенті әкімшілігінде Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің инспекторы, ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.