Елордада «Ashyq» пилоттық жобасына қатысушылар саны 100-ден асты
Қалада «Ashyq» қосымшасы арқылы жұмыс істегісі келетін нысандар саны артып келеді
Нұр-Сұлтан қаласында «Ashyq» пилоттық жобасына қатысатын кәсіпкерлік субъектілер қатары 119-ға жетті. Елорда эпидемиологиялық жағдайға байланысты «қызыл» аймаққа енгендіктен «Ashyq» пилоттық жобасына қатысуға ниет білдіріп, шет қалғысы келмейтін кәсіпкерлік субъектілер қатары артып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласында «Ashyq» пилоттық жобасына 119 кәсіпкерлік субъектісі қатысады. Оның ішінде 43 фитнес-клуб, 18 спа-орталық, 11 бассейн, 3 боулинг-клуб, 27 компьютерлік клуб, 17 сауна бар.
Жобаның артықшылығы — кәсіпкерлік субъектілерінің қай аймаққа орналасқанына қарамастан, қызметін қайта бастауына немесе жалғастыруына болады.
Айта кету керек, мекемеге кірер сәтте келушілерге түстер бойынша мәртебе беріледі:
– «қызыл» мәртебе – қозғалысқа шектеу, өйткені адам амбулаториялық емделуде;
– «сары» мәртебе – ішінара шектеу, яғни ПТР арқылы байланыста болған;
– «көк» мәртебе – ПТР-анықтаманың болуы міндетті орындардан басқа жерлерде қозғалысқа шектеулер жоқ;
– «жасыл» мәртебе – COVID-19-ға теріс нәтижемен ПТР-тестілеуден өткен адам үшін шектеусіз қозғалыс.
Айта кетейік, елордада «Ashyq» қосымшасы арқылы жұмыс істегісі келетін бизнес субъектілері күн санап артып келеді. Олардың тізімі күн сайын жаңартылып тұрады.