Алматыда ұшақ апатынан аман қалған науқастардың жағдайы әлі ауыр

Автор: Azattyq Rýhy

Дәрігерлер науқастарға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын айтты

Алматыда ұшақ апатынан аман қалған екі азамат әлі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жағдайы ауыр. Дәрігерлер науқастарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтады.

Еске салсақ, 13 наурызда Алматы әуежайында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің апатқа ұшыраған АН-26 ұшағында 6 адам болған еді. Төрт экипаж мүшесі оқиға орында қаза тапты. Түрлі дене жарақатын алған екі әскери азамат сол күні шұғыл аурухана жеткізілген еді.

«Біздің дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін күресуде. Жағдайлары ауыр. Емделіп, қатарға қосылу үшін қолдан келетін барлық көмек көрсетіліп жатыр», - деді қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Лаура Мырзағали.